Әлемде өлім жазасы көп қолданыла бастады
Өркениет адамзатты гуманизмнен алыстатып бара жатқан жоқ па?! Өйткені әлемде өлім жазасы көп қолданыла бастаған.
2025 жылы бұл үдерісті төрт мемлекет қайта іске қосты. Тізімде Жапония, Оңтүстік Судан, Тайвань және Біріккен Араб Әмірліктері бар. Осылайша, ең қатаң жазалаушы елдердің жалпы саны 17-ге жетті. Ал Еуропа мен Орталық Азия аймағында өлім жазасына қатысты ешқандай үкім шықпаған.
2707 адам. Былтыр әлем бойынша кемі осынша қылмыскер ең ауыр үкім – өлім жазасына кесілген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 1518 еді. Яғни бір жылдағы өсім 78 пайызға жеткен. Халықаралық амнистия ұйымының дерегіне қарағанда, бұған дейін ең жоғары көрсеткіш 1981 жылы тіркеліп, 3191 адам өлім жазасына кесілген. Айта кету керек, бұл есепке Қытай, Солтүстік Корея және Вьетнам кірмейді. Себебі бұл елдерде өлім жазасына қатысты деректер жабық қалады немесе толық жарияланбайды.
Фолькер Түрік, БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңесінің өкілі:
- Адамгершілік қағидаттарына және адам құқықтарына негізделген сот жүйесі ғана шынайы әділдікке жол ашады. Қоғамды қорғаудың жолы – өлім жазасы емес. БҰҰ мұндай жаза қолданатын елдерді дереу мораторий енгізуге, үкімдерін алмастыруға және өлім жазасын толықтай жоюға шақырады.
Өлім жазасына қатысты саясат АҚШ-та қайта жанданды. Трамп 2021 жылы алғашқы президенттік мерзімінің соңына қарай 20 жылдық үзілістен кейін федералдық өлім жазаларын қайта бастады. Ол қызметінің кейінгі айларында 13 тұтқынды ине салу, яғни инъекция арқылы жазалады. Ал бұған дейінгі 50 жылда федералдық деңгейде үш өлім жазасы орындалған еді. Қазір Ақ үй әкімшілігінің Әділет министрлігі құрама штаттар бойынша 47 айыпталушыға өлім жазасын сұрап отыр. Алайда олардың ешқайсысының ісі әлі сотқа жетпеген.
Коринна Лейн, құқық қорғаушы:
- Адамға берілген ең қымбат құқық – өмір сүру құқығы. Қатаң жаза қажет болса, оның адамгершілікке сай баламасы бар – өмір бойына бас бостандығынан айыру. Мұндай жазада адам ешқашан бостандыққа шықпайды. Бұл өлім жазасына қарағанда әділ шешім деп санаймын.
Кейінгі жылдардағы ең көп өлім жазасы Иранда тіркелді. 2025 жылы кемі 2159 адам дарға асылды. Бұл әлемдік көрсеткіштің 80 пайызына тең. Қылмыстық істердің дені тыңшылық жасады немесе Израиль елімен ынтымақтастық орнатты деп айыпталған адамдарға қатысты. БҰҰ деректеріне сәйкес АҚШ пен Израильдің Иранға 28 ақпанда жасаған шабуылынан бері кемі 32 саяси тұтқынның өлімі расталған. Ұйымның Адам құқықтары жөніндегі басқармасы өлім жазасының саяси құрал ретінде жиі қолданылып жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр.
Нассим Папайянни, Халықаралық амнистия ұйымының өкілі:
- Иранда өлім жазасы таң ата дарға асу арқылы орындалады. Халық күн сайын дерлік осындай қаралы хабармен оянады. Биліктің мақсаты да осы – қорқыныш қалыптастыру. Өлім жазасы саяси репрессия құралына айналып отыр.
Әлемде мұндай қатаң жаза қолдану бойынша Қытай көш бастап тұр. Десе де өлім үкімдері туралы деректер мемлекеттік құпия ретінде сақталады. Елде бұл жаза сыбайлас жемқорлықпен күрес құралына айналған. Өз қызметін жеке бас пайдасы үшін теріс пайдаланды деп танылған адамдарды жазалау үшін қолданылады. Осылайша, бұл тақырып төңірегіндегі пікірталас жаһанда тек құқықтық емес, сонымен бірге саяси және моральдық деңгейде жалғасып келеді.