Әлемде әуе тасымалына сұраныс жоғары

Күн сайын төбемізден 140 мың тоннадан астам жүк өтеді. Азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмектен бастап, аң-құсқа дейін ұшаққа тиеледі. 

Кейінгі уақытта әуе тасымалына сұраныс тіптен артты. Өйткені онлайн сауда қызды. Тіпті қажет затыңыз үшін базар жағалап, дүкенге барудың керегі шамалы. Үйде отырып тапсырыс бересіз. Ол затыңыз кеме, теміржол, жүк көліктері арқылы жетеді. Алайда бұл көлік түрлері баяу жүреді. Сол себепті әлемде ұшақтарға тапсырыс көбейетін түрі бар. Десе де әзірге бұл көліктің тасымалдау үлесі 1-ақ пайыз. Алайда жаһандық сауданың 35%-ын қамтып  отыр. Бұл қалай

Қазір онлайн-сатушылар әуе тасымалының арқасында табысқа кенеліп отыр. 2022-2024 жылдары 320 миллион жүк тасымалданған. Көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Электронды коммерция нарығында АҚШ пен Қытайдың бәсі жоғары. Өйткені бұл елдердің әуе желілері ең озығы. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының дерегіне сүйенсек, Американың 46 миллион тонна жүк тасуға әлеуеті жетеді. Ал шығыстағы көршіміз 25 миллион тоннаға дейін тауар тасымалдай алады. Сондай-ақ Қатар, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Жапония, Түркия, Люксембург, Сингапурдегі әуежайлар да шетелдерге миллиондаған тонна жүк жеткізіп отыр. Бұл қарқынмен әуе тасымалының жаһандық нарықтағы көлемі алдағы 8 жылда 730,71 миллиард АҚШ долларынан асуы мүмкін. 2 жыл бұрын көрсеткіш 274,15 млрд болған. 

Әлемде әуе тасымалына сұраныс жоғары 

Ұшаққа тек зат қана тиелмейді. Халықаралық бәйгеге қатысатын, миллиондаған доллар тұратын асыл тұқымды жүйріктер тек ұшақпен саяхаттайды. Мұндай рейстерде жануарлардың жанында арнайы мал дәрігері мен атбегілер жүреді. Ұшу кезінде күйзеліске түспеуі үшін жануарларға арнайы жағдай жасалып, тіпті ұшақ ішіндегі температура да соларға лайықталып реттеледі. Олимпиада ойындары кезінде жүздеген атты бір мезетте тасымалдау үшін арнайы жүк ұшақтарын жалдайды. Ұшақпен, әрине тек жылқы малы ғана емес өзге де жануарлар: қора-қора қой, табынымен сиыр тасып жатқандар да бар. Аң-құстың да неше атасы ұшақ көрген. Жүктің ауыры-жеңілі бар, өзге түрі жетерлік. Тонна-тонна алтын, миллиардтаған қолма-қол банкноттар да әуе арқылы тасымалданады. 

Теңіздегі тасымалдың әуе қатынасына әсері

Осындай әлеуетке ие әуе тасымалында қазір түйткіл көп. Ормуз бұғазындағы жағдай теңіздегі тасымалды тежеп қана қоймай, әуе қатынасына да кесірін тигізді. АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс салдарынан өңірдегі тасымал көлемі наурыз айының соңында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе құлдырады. Нәтижесінде Таяу Шығыстағы әуе компаниялар небәрі екі айдың ішінде 1 миллиард долларға жуық табысынан айырылды. Сондай-ақ Таяу Шығыс-Азия дәлізі 58,6%-ға, ал Еуропа-Таяу Шығыс бағыты арасындағы алыс-беріс 57,6%-ға қысқарды. Логистикалық тізбектердің өзгеруінен қазір Африкаға сұраныс ауды. Баламалы бағыт ұсыну арқылы бұл елдің авиасегменті 7%-ға артты. Африка-Азия дәлізі 22,6%-ға өскен. Ал трансшекаралық электрондық коммерцияның өсімі арқасында Азия-Тынық мұхиты аймағы да өз позициясын нық ұстап тұр. Азиядағы ішкі әуе бағыттары 7,5%-ға өсті. Ал еуропалық тасымалдаушылар ішкі өндіріске және қақтығыс аймақтарын айналып өтіп, Азияға ұшатын рейстер арқылы, 2%-дан сәл ғана асатын қалыпты динамика көрсетіп отыр. 

Таяу Шығыс хабтары – жаһандық авиацияның ең маңызды тораптары. Екі айға созылған қақтығыс әуе компанияларға едәуір салмақ салып тұр. Жанармай бағасының өсуі мен маршруттардың ұзаруына байланысты үкіметтер бұл саладағы түткілдерді салықтар салып шешпеуі керек. Бұл саудаға, туризмге және тұтынушылардың әл-ауқатына нұқсан келтіреді. 

Стефано Барончи, Халықаралық әуежайлар кеңесінің Азия-Тынық мұхиты өңірі және Таяу Шығыс бойынша бас директоры:

- Таяу Шығыстағы жағдайға қарамастан, болашақта әуе тасымалы тек арта түседі. Өйткені ғалам тез дамып келеді. Ал адамдарға уақыт тапшы болып барады. Бұл орайда жүктің де, жолаушының да діттеген жеріне тез барғаны абзал