Жол сапасы бойынша елдер рейтингі

«Жол мұраты – жету».  Жақсы жол көлік апатын 20 пайызға азайтады. Норвегияның Көлік институты жүргізген зерттеу нәтижесі осыған дәлел.

Әлемдегі ең жақсы жолдар қай елде және бұл бағытта қандай жаңашылдықтар бар?

Әлемдегі ең сапалы жол Сингапурда. Қала-мемлекет World Population Review порталының ғаламдық рейтингінде бірнеше жыл қатарынан көш бастап тұр. Индекс бойынша жол тығыздығының сапасы, жарықтығы және инфрақұрылым бағаланады. Сингапурда тесілген жол атымен жоқ. Техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмысының арасы бір үзілмейді. Бұл мақсаттарға кейінгі 1 жылдың өзінде 12 млрд доллар бөлінген. Қауіпсіздікке үлкен көңіл бөлінеді. Жолдар заманауи ақылды жүйемен жарақтандырылған. Халық пен көлік саны көп болса да бұл елде ешқашан кептеліс болмайды.

Рейтингтегі екінші орында – Швейцария. Елде жол сапасына өте қатаң қарайды. Үнемі мониторинг жүргізіледі. Биыл жаңа жолдар салу, ескісінің сапасын қадағалау, күтім жасау мен жаңыртуға 4 миллиард доллар бөлінді. Жүк көліктерінің салмағы, асфальттың сапасы мен жол қауіпсдігі жіті назарда. Техникалық қызмет көрсету бекітілген кесте бойынша тұрақты жүргізіледі. Жолдар ғана емес, көпірлер мен қауіпсіздік жүйелері үнемі тексеріліп, түйткілдер алдын ала жойылып отырады.

Автомобиль жолдарының сапасын анықтайтын басты өлшемнің бірі – олардың экологиялық жағынан таза болуы. Бұл бағытта Еуропа елдері көш бастап тұр. "Кәрі құрлықта" асфальт жолды жөндеу үшін қайта өңделген құрылыс қалдықтары, бетон, тіпті пластика пайдаланылады. Бұл көміртегі залалын азайтып қана қоймай, сонымен қатар шығынды едәуір қысқартады. Кейінгі кезде трендке тағы бір жаңашылдық – төмен температурадағы немесе жылы асфальт. Қоспа 110-130 градус температурада жасалып, жолға төселеді. Бұл әдеттегі ыстық асфальттан 20-30 градусқа төмен. Мұндай әдіс ауаға бөлінетін зиянды қалдық көлемін қысқартады және суық кезде де төсеуге мүмкіндік береді. Инновациялық тәсіл Нидерланд, Швеция мен Данияда кеңінен енгізілген. Қазір бұған Азия мен Оңтүстік Азия елдеріне ден қос бастады.

Авторы: Ернат Рахметолла