Қытайда су тасқынынан зардап шеккендер саны жүз мыңнан асты
Қытайда су тасқынынан зардап шеккен адам саны жүз мыңнан асты.
Мерт болғандар саны сағат сайын өсіп жатыр. Тоғыз адам із-түзсіз жоғалып кетті. Нөсерден өзен-көлдер тасып, су қоймалары апатты деңгейге дейін көтерілді. Қазір бірнеше провинцияда төтенше жағдай жарияланды.
Қытайдың орталығы, оңтүстігі мен оңтүстік батысында жағдай қиын. Нөсер жауын бірнеше күннен бері төпелеп, салдарынан өзендер арнасынан шықты. Жүзге тарта елді мекенді қызыл су басып жолдарды шайып кетті. Мыңдаған үйлер мен шаруа қожалықтары су астында қалды. Жарық, байланыс, ауыз су мүлдем жоқ.
Пэн Чжимин, Чандэ төтенше жағдайлар басқармасының директоры:
- Алдын ала жасалған талдауға сәйкес, бір ғана Шимен уезінде 23 елді мекенді су басты. Жалпы зардап шеккен адам саны 104 800-ге жетті. Инфрақұрылым қатты зақымданып отыр. Электр желілері мен су жүйесі, байланыс жергілікті деңгейдегі маңызы бар көпірлер, жолдарды түгел су шайып кетті. Қазір бірінші кезекте жоғалған тұрғындарды іздеп жатырмыз.
Із-түзсіз кеткендер мен апат ортасында қалғандар әлі де бар. Қазір 42 су қоймасы лық толып тасуға шақ тұр. Жұрт үй-жайын тастап үдере көшіп жатыр. Ауыл шаруашылығы алқаптарын су шайып, шаруалар мен кәсіпкерлер қыруар шығынға батты. Құтқарушылар кейбір ауылдар мен елді мекендерге жете алмай жатыр. Ауа райының қолайсыздығынан тікұшақтар әуеге көтеріле алмай қалған.
Чэнь Чжи, өрт сөндіру және құтқару қызметінің басқарма қызметкері:
- Кейбір аудандарда жол мүлдем жоқ. Арғы беттегі белгіленген іздеу аймағына өту мүмкін емес. Қалың тұманнан пилотсыз ұшу құралдарын қолдана алмай отырмыз. Құтқару топтары тек қана қайықпен іздеуге мәжбүр. Басқа амал жоқ.
Елде тасқын салдарынан кейінгі үш күнде 30-ға жуық адам көз жұмды. Жоғалғандар шетінен өлі күйінде табылып жатыр. Табылмай жатқандар саны 9 адам. Кейбір таулы аймақтарда лай көшіп жығылғанға жұдырық болды. Қазір оқиға орнында құтқару операциялары жалғасуда.
Руслан Бақытбекұлы