АҚШ грин карта рәсімін өзгертті
АҚШ билігі грин карта беру тәртібіне өзгеріс енгізді. Бұл туралы АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі хабарлады.
Енді ел ішінде уақытша визамен жүрген шетел азаматтары тұрақты тұру мәртебесіне тікелей өтініш бере алмайды. АҚШ Азаматтық және иммиграция қызметінің жаңа талабына сәйкес, олар өз мемлекетіне оралып, грин картаға АҚШ елшілігі немесе консулдығы арқылы өтініш тапсыруы қажет. «Студенттер, уақытша жұмысшылар мен туристер АҚШ-қа белгілі бір мерзімге және нақты мақсатпен келеді. Сондықтан олардың уақытша сапары грин карта алудың алғашқы кезеңіне айналмауы тиіс» - деп мәлімдеді. Дегенмен құқық қорғаушылар жаңа ереже аралас мәртебедегі отбасыларға қосымша қиындық туғызып, кей мигранттардың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін деп алаңдап отыр. Ал Ақ үй бұл шешімді иммиграциялық бақылауды күшейту және жүйені «заң талаптарына сәйкестендіру» деп сипаттады.