Түркияның оппозициялық партиясы саяси дағдарысқа тап болды
Түркияның басты оппозициялық күші – Республикалық халық партиясында саяси дағдарыс басталды.
Сот партияның 2023 жылғы құрылтайын жарамсыз деп танығаннан кейін төрағалыққа қатысты дау шықты.
Тіпті Анкарадағы партия штабы алдында полиция мен белсенділер қақтығысып, арнайы жасақ ғимаратты күшпен босатты. Одан кейін жағдай сәл тынышталғанымен, партия ішінде әлі де дүрбелең.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркияның басты оппозициялық күші саналатын Республикалық халық партиясының бас ғимараты осы. Кеше тұтас Түркия жұрты дәл осы жерде ел саясатындағы ең үлкен текетірестің біріне куә болды. Штаб-пәтердің алдында полиция мен партия белсенділері бірнеше сағат бойы айтысып, тартысып, жағдай ушыға түскен еді. Өйткені сот шешімінен кейін Түркия полициясы партияның қазіргі төрағасы мен командасын көзден жас ағызатын газ қолданып, күштеп шығарған. Бұл кадрлар Түркия медиасы мен әлеуметтік желілерде кең тарады. Ал бүгін ғимарат маңында жағдай тұрақты, жергілікті БАҚ сәт сайын орталықтан хабар таратып жатыр.
Даудың түп-төркіні 2023 жылғы партия құрылтайынан басталған. Сол кезде партия ішінде өзгеріс талап еткен топ күшейіп, депутат Өзгүр Өзел төраға болып сайланған еді. Ол 13 жыл бойы партияны басқарған Кемал Кылычдароғлұның орнын басты. Алайда кейін құрылтай нәтижесіне қатысты шағымдар түсіп, сот сайлау процесінде заңбұзушылықтар болған деген шешім шығарды. Нәтижесінде құрылтай қорытындысының күші жойылды.
Өзгүр Өзел, Республикалық Халық Партиясының бұрынғы төрағасы:
- Осыдан үш жыл бұрын партия құрылтайында жеңіске жеткен едік. Алайда күтпеген жерден сот сайлау қорытындысының күшін жою туралы шешім шығарды. Бұл құжат жауапты мекемелерге жолданды. Партия тағдырын сот емес, делегаттар шешуі керек. Біз бұл шешіммен келіспейміз.
Өзгүр Өзел өз ұстанымынан бас тартпады. Ол бірнеше күн бойы жақтастарымен бірге партия ғимаратында қалып, штабты босатудан бас тартқан. Соның салдарынан жаңа басшылық ғимаратқа кіре алмаған. Кейін билік нысанды күшпен босату туралы шешім қабылдады. Түркия полициясы партия штабына арнайы жасақпен кіріп, Өзелдің командасын ғимараттан күштеп шығарды. Полиция көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқ қолданған. Артынша Өзел мыңдаған жақтасымен бірге Түркия Мәжілісі ғимаратына бет алған.
Кемал Кылычдароғлұ, Республикалық Халық Партиясының жаңа төрағасы:
- Партияның беделі айтарлықтай әлсіреді. Ұйымның моральдық беделін қайта қалпына келтіру қажет. Партияның заңды құрылымы қорғалуы тиіс. Мұндай жағдайларға енді үнсіз қарамаймыз.
Қазір партия ішінде екі негізгі топ қалыптасқан. Бірі – өзгерісті қолдайтын Өзгүр Өзелдің жақтастары. Олардың қатарында Ыстамбұлдың бұрынғы мэрі Экрем Имамоғлұ секілді ықпалды саясаткерлер бар. Екінші тарап Кылычдароғлуның командасы. Ахуал ушыққан тұста екі тараптың жақтастары Анкара мен Ыстамбұл қалаларында наразылық акцияларына шықты.
Өзгүр Өзел енді Түркия Мәжілісінің депутаты ретінде жұмысын жалғастырады. Ал Кылычдароғлұның партия төрағасы қызметіне нақты қашан кірісетіні әзірге белгісіз.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков