АҚШ-Иран келіссөзі: кімнің есебі түгел?
Иран уран қорын сыртқа шығаруға әзір. «Алайда шикізатты тек Қытайға береміз», - дейді.
Мұны өз дереккөздеріне сілтеме жасап саудиялық Әл-Хадас телеарнасы хабарлады. Сондай-ақ Тегеран: «Бейжің бізге қауіпсіздік кепілдігін берсе», - дейді. Пәкістан қарулы күштерінің қолбасшысы Асим Мунир қазір Бейжіңде жүр. Сарапшылар пәкістандық фельдмаршал Қытайға дәл осы мәселе жайын сөйлесуге барды деп топшылайды. Әңгіменің ауаны шынымен солай қарай ауса, АҚШ бұған не демек? Өйткені осы мезгілде Құрама Штаттарда Иранмен арадағы бітіспес келісімді сынап жатқандар көп.
АҚШ-та сенаторлар Ақ үй әкімшілігінің Тегеранмен арадағы келісімін сынады. Президент Трамп Ислам Республикасына соғыс бастағанда әсіресе демократтар қарсы еді. Енді Иранға есеміз кетіп жүрмесін деп алаңдайды. 2015 жылы Барак Обаманың тұсында АҚШ Тегеранның ядролық бағдарламасын шектейтін келісімге қол жеткізді. Алайда Дональд Трамп президенттігінің бірінші мерзімі кезінде бұл мәміленің күшін жойған еді. Сөйтіп, араға біраз жыл салып Ақ үйдің қазіргі басшысы соған ұқсас келісімді жасауға келісіп отыр. Олай болса, Израильге қосылып, Иранға соғыс бастаудың қажеті болды ма? «Бұл арада Президент Трамп әлсіздік танытты», - дейді америкалық сенаторлар. Бұған қатысты ұстанымын Ақ үй басшысы былай деп білдірді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Иранның байытылған уран қорын АҚШ-қа дереу жеткізіп, жою керек. Алайда бұл мәселені Иранмен келісіп барып жасаған дұрыс болады. Мұны бақылауға Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік немесе соған ұқсас ұйым қатысуға тиіс.
Ормузда 170-ке жуық танкер қаңтарылып тұр
Ормузда жүздеген млн баррель мұнай тиеген 166 танкер қаңтарылып тұр. Мұны америкалық CNN телеарнасы хабарлады. АҚШ пен Иран келісімге келгенімен, мұнай тасымалы қалпына келуі үшін кемі 3 ай қажет. Кемелер кезекпен шығуы керек.
Осыдан соң ғана бос танкерлер кіре алады. Қазір Парсы шығанағындағы қоймалар мұнайға толы. Яғни өндірушілер алдымен сол қорды нарыққа шығарады. Тоқтаған өндірісті қайта іске қосу да оңай шаруа емес. Аймақта мұнай инфрақұрылымның үштен бірі бүлінген. Сондықтан сарапшылар биыл мұнай арзандамайды деп отыр. JPMorgan Chase экономистері қара алтынның орташа бағасы 97 доллар болады деп топшылайды. АҚШ пен Еуропада жанармай бағасы түспейді. Өйткені бұл үшін мұнай 60 долларға дейін арзандауы керек.
Дэнни Цитинович, сарапшы:
- Иран бұғаздан өткізу үшін басыартық талап қояды. Алдымен Иранның Сыртқы істер министрлігіне өтініш беру керек. Бұдан соң мұны Иран әскери-теңіз күштеріне жолдайды. Егер рұқсат берілсе, бұғаздан қалай шығатынын айтады. Бұл үшін Тегеран билігі ақы талап етуі де мүмкін. Ормуз Иранның саяси құралына айналды. Мәселен, Қытай мен Үндістан кемелерін өткізеді. Өйткені Бейжің және Нью-Делимен ынтымақтастықты нығайтқысы келеді.
Ал Тегеран: «Ормузды жаппасақ, жау Парсы шығанағына басып кіріп, бүкіл аймаққа қауіп төндірер еді», - дейді. Саудаға келсек, бұғаз ашық. Кемелердің қозғалысын шектемейміз дегенді айтады.
Ибраһим Азизи, Иран парламенті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы:
- Біздің ұлы әрі қуатты халқымыздың қол жеткізген жеңістерінің негізгі құралының бірі – геосаяси артықшылығымыз, яғни Ормуз бұғазы. Егер АҚШ біздің порттарды теңіз блокадасынан босатса, Ормуз бұғазы арқылы өту Иран билігінің тәртібіне сай іске асады. Өткелді бұрынғыдай ашады деген пікір дұрыс емес. Ормуз Иранға тиесілі аумақ. Бұл құқығымызды біреудің мойындағаны бізге қажет емес.
Пентагонға қосымша қаржы керек
Ал Пентагон Иранмен соғыста шаш-етектен шығынға ұшырады. Тіпті қаржысы жаздың аяғында, яғни тамызда таусылуы мүмкін.
Мұны америкалық Wall Street Journal басылымы жазды. АҚШ-тың Соғыс министрлігі Конгрестен қосымша қаржы сұрап отыр. Әскери бюджетті шұғыл бекітпесе, оқу-жаттығуларды тоқтатып, кей бағдарламаларды кейінге шегеретінін ескертті. Ал Iran War Cost Tracker порталының дерегі бойынша, Құрама Штаттар 86 күнде Иранмен арадағы соғысқа 90 млрд доллар жұмсаған. Бұл осыған дейін Пентагон жариялаған 29 млрд доллардан 3 есе көп сома.
Иранмен арадағы соғыс Президент Дональд Трампқа абырой әпермейтін тәрізді. Өйткені, шабуыл жалғасса, мұнай қымбаттай береді. «Ал жол ортадан тоқтаса, АҚШ алға қойған әскери мақсатына жете алмайды», - дейді сарапшыла