Дубайда айт қарсаңында алаяқтар көбейді

Біріккен Араб Әмірліктерінде алаяқтар әрекеті әшкере болды.

Олар әлеуметтік желіде жалған брендтік тауар сатып, халықты алдап соғуға талпынған. Елдегі полиция Құрбан айтта осындай заң бұзушылықтармен әбігер. Оңай жолмен ақша табуға әбден дәнігіп алғандар ішінде қайырымдылық қорлары да бар. Мұндайда заң бәріне ортақ. Қатаң жазаға әкеп соғуы мүмкін. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Арабтың бай қалалары ежелден сауда-саттықтың ордасы іспеттес. Тіршілігі қым-қуыт шаһарларда алыс-беріс ауқымы мол. Ерекшелігі сол, мұндай базарларға күндіз көпшілік келе бермейді. Ал кешкі уақыттарда лек-легімен ағылады.

Бұл күндері Дубайдың қоғамдық орындарында «Eid Al Adha», яғни Құрбан айтқа арналған іс-шаралар легі жалғасып жатыр. Көше бойы мерекенің негізгі нышандарымен безендірілген. Тәртіп пен қауіпсіздік басты назарда. Бір тәуірі наурыз-сәуір айындағы алай-дүлейден кейін жергілікті жұрт жүрегі әбден тыншып, байыз тапты. Сауда орындары ізгілік мен мейірімге толы істерді насихаттап, жеңілдік жасауға көшкен.

Мухамед Тарек, базар қызметкері:

- Мейрамда халықтың белсенділігі артады. Біз сауда орындарында бағаны тұрақты деңгейде ұстап, тұтынушыларға қолайлы жағдай жасауды көздейміз. Бұл кезеңде адамдар көбіне мерекелік сыйлықтар мен басқа да қажетті заттарды іздейді. Сондықтан сұраныс жоғары болады. Ісімізді адал жүргізуге тырысамыз. 

Базардағы саудагерлерден гөрі онлайн дүкен иелерін бақылау қиынға соғып тұр. Олардың ішінде атаулы дата, маңызды мерекелерді құр жібермей, сапасыз дүние сататындар көп. Айла-шарғысын жедел іске асыру үшін кейбірі белгілі блогерлерді шырмауына түсіріп үлгерген. Ал жылтырағанның бәрі алтын емес екенін қарапайым жұрт аңғара бермейді. Діни мейрамда «құрбан шалып, мұқтаждарға жеткіземіз» дегендерге алданып қалғандар бар.

Абдулрахман Мохаммед Бин Фахд, Дубай полиция басқармасының қызметкері:

- Құрбан айт мерекесі кезінде интернет кеңістігінде алаяқтық әрекеттердің көбейгені байқалды. Алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жалған қайырымдылық қорлар құрып, «құрбан шалу қызметін» ұсынып, азаматтарды алдап-арбауға талпынуда. Біз тұрғындарды тек ресми лицензиясы бар ұйымдармен жұмыс істеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және жеке немесе банк деректерін жария етпеуге шақырамыз.

Жалпы Әмірлікте қайырымдылықпен тек арнайы рұқсаты бар мекемелер айналысуға тиіс. Мұндай ұйымдар әдетте мемлекет бақылауында болады. Жаппай дұға оқылатын жерлер садақа жәшігін қойып, жылу жинауға құқылы. Қаржыны онлайн аудару жағы қарастырылған. Айта кетейік, Араб Әмірліктерінде заң бұзып, қоғамға кесірін тигізгендер ауыр жаза арқалайды.

Рауан Мыңбай