Жапонияда Азия қазақтарының III құрылтайы өтті
Жапонияда Азия қазақтарының үшінші құрылтайы өтті.
Құрылтайға Оңтүстік Корея, Малайзия және Моңғолиядан келген қандастарымыз қатысты. Форумға Қазақстаннан да үлкен делегация барды. Олардың қатарында парламент депутаттары, өнерпаздар мен кәсіпкерлер бар.
Владислав Цой, тілші:
- Азия қазақтарының үшінші құрылтайы Жапонияда өтті. Мұндағы қазақ диаспорасы шағын. Күншығыс елінде шамамен 600 қазақстандық тұрады. Тағы 20 адам осы елдің азаматтығын алған.
Токиодағы елшіміз Ерлан Баударбек-Қожатаевтың хабарлауынша, Жапониядағы консулдық есепте бар-жоғы 327 қазақстандық тіркелген. Бірақ диаспора өте белсенді және «Отандастар» қорымен тығыз жұмыс істейді.
Ерлан Баударбек-Қожатаев, ҚР Жапониядағы Елшісі:
- Рухани мұраны барлық сақтауға, баға жетпес үлес қосып қазақ тілімен домбырада ойнауды оқыту курстарын ұйымдастырған «Отандастар» қорының ролін де атап өткім келеді.
Депутат Бибігүл Жексенбай қандастарға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың сәлемін жеткізіп, қазақ диаспорасы үшін маңызды мәселелерге тоқталды.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Шетелдегі әрбір қазақ баласының қазақша сөйлеуі Қазақстанның рухани ықпалының сақталғанын білдіреді. Сондықтан жексенбілік мектептерді, онлайн оқыту жобаларын, қазақ тілі курстарын, балаларға арналған мәдени бағдарламаларды күшейту ортақ міндет. Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар шетелдегі қазақ жастары үшін ашық әрі тартымды болуы керек. Бізге жаһандық ойлайтын, бірақ ұлттық болмысын жоғалтпаған жаңа буын қажет.
Форум аясында жәрмеңке ұйымдастырылып, онда Қазақстанға танымал брендтер зергерлік әшекейлер, аксессуарлар мен ұлттық киім үлгілерін ұсынды. Құрылтайдың пленарлық бөлімінде ғалымдар, этнографтар мен музыканттар қазақ пен жапон халықтарының тарихи байланыстары, қазақ асханасының ұмытыла бастаған мәзірлері мен көмеймен ән айту өнері туралы әңгімеледі.
Шараны тамашалауға келген көрермендерге, соның ішінде жергілікті тұрғындарға тұсаукесер рәсімі көрсетілді. Бүлдіршінге ақ батасын актер Сағаділдә Үсібәлі мен Жапонияда танымал сумо балуаны Ерсін Балтағұл берді.
Ерсін Балтағұл, сумо балуаны:
- Қазірше уақытымыз жоқ, шыны керек. Келесі айдың 10-ы күні біз Францияға, жаңағыдай, тренировочный процеске бара жатырмыз, Париж қаласына. Соған байланысты бізде уақыт тығыз. Осыдан елшіміз, ағамыз хабарласып... Ерлан ағамыз хабарласып айтқан болатын осындай құрылтай ұйымдастырып жатырмыз, сенің қатысуың міндетті деп. Соған бүгін тренировкамызды үзіп, қазір келген жайымыз бар.
Форум қазіргі заманғы және халық музыкасының концертімен аяқталды. Жапониядағы диаспора жастары әнші Еңлікті тыңдауға жиналды. 250 адамға арналған залда ине шаншар жер болмады. Азия қазақтарының келесі құрылтайы 2027 жылы Моңғолияда өтеді.
Владислав Цой, Ольга Лян