Әлемде мұнай өндірісіне инвестиция кеміді
Биыл әлемдік энергетика саласына салынатын инвестициялар 5%-ға өсіп, шамамен 3,5 триллион АҚШ долларына жетеді.
Мұндай болжамды Халықаралық энергетикалық агенттік жариялады. Сарапшылар Таяу Шығыстағы жағдайдан кейін бұл бағытқа қаржы бөлу маңызды деп отыр. Жалпы инвестициялардың 65%-ы жаңартылатын энергия көздері мен көміртегі шығарындылары төмен отын түрлерін дамытуға бағытталады. Ал мұнай өндіру секторына салынатын инвестиция үшінші жыл қатарынан төмендеп, шамамен 500 миллиард доллар көлемінде болады деп болжанып отыр. Табиғи газ жобаларына жұмсалатын шығындар керісінше 10%-ға артып, 330 миллиард долларға жетеді. Бұл кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Тағы көмір өнеркәсібіне бөлінетін қаржы көлемі кейінгі 14 жылдағы рекордтық деңгейге жетіп, 180 миллиард долларды құрайды. Бұған негізінен Қытай мен Үндістан тарапынан жасалатын ірі қаржы салымдары себеп.