Тынық мұхитына шығу үшін талас басталды

Қытай Тайвань маңында арнайы теңіз операциясын бастады. Бейжің бұл жолы Жапония мен Филипиннен секем алған.

Өйткені бұл екі ел тақауда Үнді және Тынық мұхитындағы шекараны белгілеуге уағдаласқан. Ал Қытай Тайваньның шығысындағы теңіз суларын бөлу біздің келісіміімізбен жасалуға тиіс, - дейді. Тағы бір мәселе, Жапония мен Филиппин әскери күшін біріктіріп жатыр. Сонда бұл екеуі кіммен соғысып, кімнен қорғанбақ?  

Тынық мұхитына шығу үшін талас басталды. Мұны танымал америкалық "Блумберг" басылымы жазды. Филиппин мен Жапония теңіздегі шекараны шегендеп алғысы келеді. Сондықтан екі жақ келіссөз бастайтынын мәлімдеді. Ал бұл аумаққа Қытайдың да таласы бар. Өйткені келісім Тайванның шығысы мен филиппиндіктер өз аумағы деп санайтын Спратли аралдарының бір бөлігін қамтиды. Егер Бейжің бұл келісімнен сырт қалса, онда Тынық мұхитына шығуы қиындай түседі деген қауіп бар. Сондықтан  шығыстағы көршіміз Оңтүстік-Қытай теңізіндегі күзетті мейлінше күшейтті.

Мао Нин, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Жапония мен Филиппиннің жоспары бойынша мәмілеге Тайваньның шығыс аймағы да кіреді. Қытай мен БҰҰ-ның теңіз конвенциясына сай бұл аумақта Қытайға тиесілі континенттік қайраң мен экономикалық аймақ бар. Сондықтан, Токио мен Маниланың келіссөздері теңіз жөніндегі халықаралық заңды өрескел бұзу саналады. Сондықтан екі елге де наразылық нотасын тапсырдық.

Оңтүстік-Қытай теңізіне қатысты дау өткен ғасырдың ортасында басталды. 1951 жылғы Сан-Франциско бейбіт келісіміне сай, Жапония Парасель мен Спратли аралдарынан айырылған еді. Бұдан соң Қытай 1947 жылғы тарихи деректерді желеу етіп, Оңтүстік-Қытай теңізінің 80 пайызын өз аумағы деп жариялайды. Бірақ, 2016 жылы Филиппин Гаагадағы халықаралық сотта жеңіске жетеді. Алайда Бейжің бұл үкіммен келіспей қояды. Мұның бірнеше себебі бар. Шығыстағы көршіміз бен Жапония Оңтүстік-Қытай теңізі арқылы мұнайдың 80 пайызын тасымалдайды. Әлемдегі балықтың 10 пайызы осы аймақта ауланады. Ең бастысы, қойнауы мұнайға бай. 

Гильберто Теодоро, Филиппин Қорғаныс министрі:

- Кей мемлекеттер тарихты бұрмалап, қазіргі өз әрекетін ақтауға тырысады. Сөйте тұра Жапонияны негізсіз кінәлайды. Ал Токио халықаралық қауымдастықтың жауапты, әрі үлгілі мүшесі. Бұл мәселеде көп ел менің сөзімді растайды деп ойлаймын.

Азияда жаңа әскери блок құрылды

Бұдан былай Манила Токиоға арқа сүйейтін тәрізді. Өткен айда Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи Филиппин Президенті Фердинанд Маркосты күтіп алып, қонақ етті. Сөйтіп Токио мен Манила әскери күш біріктірді. Мұны екі елдің басшылары мөр басып, құжатпен бекітті. Бұл бір қарағанға көршілердің алыс-берісі көрінгенмен астары терең. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін соғыстан мәңгілікке бас тартқан Күн Шығыс елі биыл сәуірде алғаш рет қару-жарақ экспортын жандандырды. Енді Манилаға жойғыш кеме мен әскери ұшақтар сатамыз дейді. 

Санаэ Такаичи, Жапония Премьер-министрі:

- Президент Маркос екеуіміз бірқатар мәселе бойынша ортақ келісімге келдік. Бұл  халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз сияқты көзқарасы ұқсас мемлекеттер ынтымақтастықты тұрақты түрде нығайта беретінін көрсетеді.

Жапондардың қару жасауға ұмтылысы Қытайды тарих қайталана ма деген уайымға салғаны анық. Ал президент Трамп өткен айда Қытайға сапардан соң, Тайваньға қатысты саясатын өзгерткендей болды. Ақ үйдің қазіргі басшысы арал билігін егемендігін жариялауға асықпауға шақырды. Сондай-ақ, Құрама Штаттар Тайбэйге 14 млрд долларға қару-жарақ сатуы тиіс еді. Алайда Мемлекеттік Хатшы Марко Рубионың сөзіне қарағанда, әскери көмектің болар-болмасы түсініксіз. Алайда сарапшылар Құрама Штаттар  енді Қытаймен ашық тайталаспайды. Бейжіңнің ықпалын одақтастарының қолымен әлсіретуге тырысады, - деп санайды.

Филиппин Тайвань әскери көмек көрсетуге әзір

Қазір Бейжің мен Токионың арасы жақсы емес. Екі жақ былтыр Жапония үкімет басшысының Тайваньға қатысты айтқан мәлімдемесінен кейін араз. «Бейжің Тайваньға шабуыл жасаса, Жапонияға қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан «Токио Тайбэйге әскери көмек көрсетуге тиіс», – деген еді Санаэ Такаичи. Енді Токио Манила билігінің қолтығына су бүркіп, Бейжіңмен қарым қатынасын қиындатып отыр. Өйткені Филиппин керек болса, Тайвань мәселесіне араласуға әзір екенін мәлімдеді.

Бүгінгі шиеленістің түпкі себебі - Тайвань ғана емес, Қытай мен Жапония арасында бәсеке күшейді. Бейжіңмен қатар Токио да аймақтық көшбасшылыққа ие болғысы келеді. Сарапшылардың айтуына қарағанда Тайвань осы геосаяси тартыстың майданына айналып отыр.