Филиппиндегі зілзаладан 130-дан астам адам жараланды
Филиппиннің оңтүстігінде болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 37-ге жетті. Тағы 130-дан астам тұрғын жараланған. Құрбандардың 17-і залзаладан кейін жүрген лай көшкіні салдарынан көз жұмды.
Қазір 10 мыңдай отбасы қауіпсіз жерге көшірілген. Билік оларды үйлеріне оралуға асықпауға шақырды. Өйткені табиғи апат қаупі әлі сейілген жоқ. Мамандар шайқалған ғимараттар бір сәтте опырылып түсуі мүмкін деп ескертеді. Филиппинге одақтасы АҚШ-тан бастап көршісі Жапония, Франция мен Жаңа Зеландия зілзала зардабымен күресуде көмек қолын созды. 7,8 балдық жер сілкінісі кеше болған еді. Одан кейін биіктігі 1 метрдей цунами де көтерілді.
«Бұл жерде бұған дейін бірнеше рет жер сілкінген. Бірақ бұл жолғы зілзала өте жойқын болды. Көз жасыма ие бола алмай қалдым. Балаларымды қатты уайымдадым. Олардан айырылғым келмеді. Құдай сақтап, олар аман қалды. Мұндай сынақ қайталанбаса екен деп тілеймін».
«Су мен электр жарығы жоқ. Барымыздан айырылдық. Бір жұтым суға зар болып қалдық».