Тайвань Қытай жаққа зымыран атты

Бұл оқу-жаттығу әрекеті. Әрі зымыран Қытай жеріне жеткен жоқ, теңізге құлады. Тайбэй билігі бұл әрекетін әскердің дайындығын тексеріп жатырмыз, - деп түсіндірді.

Бірақ «мұнысы желеу ғана, шындығында Қытайға сес көрсету», - дейді сарапшылар. Өйткені, Бейжің де аралдың маңына күнде кеме мен ұшақ аттандырады. Бұл арада сәл ағаттық кетсе, соғыс басталып кете ме деген қауіп күшті болып тұр. Тайвань Бейжіңмен арадағы соғысқа дайындығын пысықтады. Тіпті HIMARS жүйесін қолданып, Қытай жаққа зымыран ұшырды.

Тайвань әскері көшпелі ұшыру қондырғысын былтыр қолданысқа енгізді. Бірақ Қытайға қараған жағалауда алғаш рет сынап көрді. Оқу-жаттығу ракеталары алысқа ұшпай, теңізге құлады. Көшпелі HIMARS жүйесі - АҚШ-тың әскери өнімі. Жойқын күшпен соққы жасап қана қоймай, ұшқыр қозғалады. Яғни позициясын тез өзгертеді. Зымырандары 300 шақырым жердегі жаудың бетін қайтара алады. Яғни Қытайдың оңтүстігіндегі Фуцзянь провинциясына дейін жететін күші бар.

Онг И-Минг, ҚХР Тайвань Қарулы күштерінің артиллерия қолбасшысы:

- Бұл әскери жаттығудың басты ерекшелігі сол, бұрынғы соғыс тактикасын, яғни ауыр артиллерияны ғана, жылжымалы қондырғыларды да қолданамыз. Жауға бір мезетте бірнеше жерден ракеталар аттық. Тапсырманы орындау барысында қиындықтар болды. Дайындалуға берілген уақытты қысқарттық. Десе де, жауынгерлеріміз тосын жағдайға тас түйін дайын екенін көрсетті. Белгіленген жерден табылып, 3 минуттың ішінде зымырандарды ұшырды.

Тайвань Қытай басып кірсе, аралдың батыс жағалауына жаяу әскер кіргізеді деп санайды. Сондықтан қарсыластарының қоршауын бұзып-жарып шығудың түрлі техникасын  сынады. Бір сәтте дүркін-дүркін оқ ататын Thunderbolt-2000 жүйесін  да байқап көрді.

Қытай: Тайвань бөлініп кете алмайды

Бұл арада Қытай Тайвань мәселесіне қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Тайбэй билігінің тәуелсіздік жариялауға ұмтылуынан нәтиже шықпайды деп мәлімдеді.

Чжан Сяоган, ҚХР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі

- Тайвань Қытайдан бөлініп шыға алмайды. Бейжің мен Вашингтон үшін ең маңыздысы - аймақтағы тұрақтылық. АҚШ Қытайдың Тайвань мәселесіне қатысты ұстанымын түсінеді. Қытай мен Тайвань бір күні қайта қосылады. Мұны ешкім тоқтата алмайды. Тайвань сырттан көмек алып немесе әскери күшке сүйеніп тәуелсіз болуға тырысса да, мұнысынан нәтиже шықпайды. Тарихқа қарсы шыққан күштер түбі жеңіледі.

Шығыстағы көршіміз Оңтүстік Қытай теңізіне бақылауын күшейтуге кірісті. Мұны Блумберг басылымы жазды. Қытайдың жағалау күзеті Тайвань маңынан өтіп бар жатқан шетелдік сауда кемелерін тоқтатып, қай порттан шығып, қайда бара жатқанын сұраған. Ал Тайбэй билігі мұны психологиялық қысымға және арандатуға теліп отыр. Бейжіңнің заңды құқығы жоқ екенін айтады. Сондықтан,  сауда кемелеріне Қытайдың сұрақтарына жауап бермеуге шақырды.

АҚШ Тайваньға әскери көмекті әзірге тоқтатты

АҚШ қазір басты назарды Иранмен қақтығысқа аударып отыр. Сондықтан, Тайваньға әскери көмекті уақытша тоқтатты. Әйтпесе, Құрама Штаттар Тайбэйге 14 млрд долларға қару-жарақ сатуы тиіс еді. Сенаттағы тыңдауға қатысқан АҚШ Әскери-теңіз күштері министрінің міндетін атқарушы Хунг Као “Вашингтон Таяу Шығыстағы шиеленіс реттелгенше, қару жарақ экспортын тоқтататынын жеткізді. Президент Трамп өткен айда Қытайға сапардан соң, Тайваньға қатысты саясатын өзгерткендей болды. Алайда, мемлекеттік хатшы Марко Рубио Вашингтон аралды қаруландыруды жалғастыратынын мәлімдеді.

Марко Рубио, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Қытайдың қарсылығы АҚШ-тың шешіміне әсер етпейді. Тайваньға қару сату мәселесі  Конгресте мақұлданды. Қажетті қаржы бөлінді. Құжат барлық органдардың келісімінен өтті. Енді тек оның қашан және қалай жүзеге асатынын Президент Дональд Трамптың өзі шешеді.

2028 жылы Тайваньда президенттік сайлау өтеді. Егер билікке Қытайды қолдайтын саяси күштер келсе, Бейжің аралды қарудың күшіне жүгінбей, өзіне қосып алуы мүмкін, - дейді сарапшылар. Сондықтан 2028 жыл тек Тайвань үшін емес, бүкіл Азия Тынық мұхиты аймағының қауіпсіздігі үшін маңызды кезең болғалы тұр.