Айды игеру Жердегі тіршілікті сақтап қалуы мүмкін
Айды игеру Жерді ауыр өнеркәсіптің салдарынан сақтап қалуы мүмкін.
Мұндай пікірді Парижде ашылған VivaTech технологиялық көрмесінде Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос білдірді. Болашақта өндірістің бір бөлігін Жерден тыс кеңістікке көшіру ғылымның дамуына да, Жер шарымызды сақтауға да мүмкіндік береді дейді кәсіпкер. Жасанды интеллект саласының өкілдері тағы қандай жаңалықтарды таныстырды?
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- 15 мың стартап пен 200 мыңға жуық қатысушы. Еуропадағы ең ірі технологиялық форум – VivaTech көрмесінің ауқымы осындай. Мұнда жасанды интеллект, гуманоид роботтар және deeptech бағытындағы тың әзірлемелер таныстырылды. Кейбірін келушілер сынап көре де алады. Мысалы, осы VR-аттракцион арқылы Парижді виртуалды ұшып өтіп, қаланы биіктен тамашалауға болады.
Көрменің алғашқы күні көрермен алдына Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос пен «жасанды интеллекттің атасы» атанып кеткен ғалым Янн Ле Кун, Blue Origin компаниясының бас директоры Дэйв Лимп және өзге де танымал тұлғалар шығып, сөз сөйледі. Безостың ауыр өнеркәсіпті Жерден тыс, нақтырақ айтқанда Айға көшіру туралы пікірі ерекше назар аудартты. Оның сөзінше, дәл осы сценарий ғана технологиялық дамуды жалғастырып, Жерді сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Джефф Безос, AMAZON компаниясының негізін қалаушы :
- Иә, біз Марсқа да барамыз. Бірақ Ай – алғашқы қадам. Оған үш жарым күнде жетуге болады, ал Марсқа екі жылдай уақыт кетеді. Сондықтан Ай әлдеқайда қолжетімді. Оның әлсіз тартылыс күші бұл аспан денесін маңызды транзиттік алаңға айналдырады. Ауыр өнеркәсіпті Айға көшіру Жерді өнеркәсіптік төңкеріске дейінгі күйіне жақындатуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Биылғы VivaTech көрмесінің басты тақырыбы – жасанды интеллект. Көрмеде Unitree мен Agibot қытайлық компанияларының гуманоид роботтары, кванттық технологиялар, deeptech, жасыл энергетика және өнеркәсіпке арналған еуропалық жасанды интеллект стартаптары таныстырылды. Бірі жаңа жоба ұсынып, инвестор іздесе, енді бірі келісімшарттарға қол қоюда. Мәселен, француздың Inria ғылыми институты Германия және Үндістанмен бірлескен жасанды интеллект орталықтарын құратынын жариялады. Германия биыл VivaTech ұйымдастырушылары тарапынан «Жыл елі» деп танылса, Үндістан жасанды интеллект саласындағы серіктес мәртебесі берілді.
Кристина Харбауэр, EASE экзоскелет стартапының құрылтайшысы :
- Бұл ауыр заттарды көтергенде жұмысшыларға көмектесетін алғашқы экзоскелет. Ол денеге түсетін жүктемені азайтып, шаршауды төмендетеді әрі еңбек өнімділігін арттырады. Келесі айдан бастап сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз.
Жиль Аллен, Deephawk жасанды интеллект компаниясының бас директоры :
- Біздің жүйе автомобиль, авиация және электроника салаларында күрделі ақауларды анықтайды. Бұл жасанды интеллект deep learning технологиясына негізделмеген. Ол қарапайым компьютерде небәрі 30 минутта іске қосылып, суреттерді 15 миллисекундта талдайды. Үлкен деректер орталықтары қажет емес, демек электр энергиясы мен суды аз тұтынады. Бұл өндіріске арналған жасанды интеллект.
Еуропаны бүгінде жаңа технологиялардың өзі ғана емес, оларды кімнің бақылайтыны да алаңдатады. Сондықтан форумда жасанды интеллектіні дамытудан бөлек оны қауіпсіз әрі жауапты реттеу жолдары да кеңінен талқыланып жатыр. Көрме 20 маусымға дейін жалғасады.
Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан