АҚШ жасанды интеллектке бақылауды күшейтті

Жасанды интеллект саласындағы жетекші америкалық компаниялар өз қызметін тоқтатуға мәжбүр. 

АҚШ билігі нейрожелілерге бақылауды күшейтті. Танымал Anthropic компаниясы Fable 5 және Mythos 5 атты қуатты модельдерінің жұмысын шектейтінін мәлімдеді. АҚШ үкіметі бұл модельдер ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп санайды. Осыған дейін экспорттық шектеулер тек чиптер мен жабдықтарға қатысты болса, енді  тікелей жасанды интеллект модельдеріне бақылау күшейеді. 

Anthropic бүгінде әлемдегі ең қымбат әрі ең жылдам дамып жатқан жасанды интеллект компанияларының бірі. Биыл ақпанда компанияның нарықтық бағасы 380 млрд долларға жетсе, мамыр айында 965 млрд долларға дейін өсті. Компанияның негізгі табыс көздерінің бірі – Claude платформасы мен Claude Code қызметі. Бір ғана Claude Code өнімінің жылдық табысы 2,5 млрд доллардан асады. Сондай-ақ компанияның дамуына Amazon, Google сынды ірі технологиялық серіктестерінің де ықпалы зор. Бұл компания өнімдерінің тек стартап емес, жаһандық технологиялық инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналғанын көрсетеді. АҚШ билігінің де алаңдайтыны осы. Claude модельдеріне қатысты шектеу ең алдымен ұлттық қауіпсіздік мәселесімен байланысты. Яғни жасанды интеллект кибершабуылдарға көмектесуі мүмкін деген қауіп бар. Anthropic бұл пікірмен келіспейді және мұндай шешім миллиондаған қолданушысы бар коммерциялық өнімді тоқтатуға негіз болмауға тиіс деп есептейді. Технология саласындағы жетекші мамандар да осы пікірде. 

Дженсен Хуанг, Nvidia бас директоры:

- Кез келген технологияны әзірлеу барысында алдымен ұлттық қауіпсіздікке басымдық берілуге тиіс. Дегенмен экспорттық бақылау саясатын әзірлемес бұрын алаңдаушылық туғызатын тәуекелдерді нақты айқындау қажет. Өйткені бұл басқа салаларға да әсер етуі мүмкін.

Биыл Anthropic компаниясы АҚШ әскеріне өзінің жасанды интеллект модельдерін ішкі бақылау жүйелерінде және толық автономды қару-жарақ жүйелерінде пайдалануға рұқсат беруден бас тартқаннан кейін, компания мен АҚШ үкіметі арасындағы қарым-қатынас нашарлады. Бұған жауап ретінде Пентагон компанияны қара тізіміне енгізді. Бұл шешім осы жылдың соңында күшіне енуі тиіс және компанияның федералдық келісімшарттарға қол жеткізу мүмкіндігін едәуір шектеуі мүмкін. Anthropic төңірегіндегі жағдай тек бір компанияға қатысты мәселе емес, бүкіл жасанды интеллект индустриясының болашағына әсер ететіні сөзсіз. Мәселен, Anthropic деректері бойынша, Claude қолданушыларының жасанды интеллектке тапсырманы толықтай тапсыру деңгейі 27%-дан 39%-ға дейін өскен. Бұл компаниялардың жасанды интеллектіні жай көмекші құрал емес, нақты жұмыс істейтін тетік ретінде қолданатынын көрсетеді. 

ЖИ үшін жаһандық бәсеке күшейді

Жасанды интеллект саласындағы шектеулердің күшеюі технологиялық бәсекенің жаңа кезеңіне жол ашады. Мемлекеттер тек чиптерді емес, қуатты нейрожелілердің өзін стратегиялық ресурс ретінде қарастыра бастады. Әлемдік консалтингтік зерттеулерге сәйкес 2025 жылы компаниялардың 88 пайызы жасанды интеллектіні кемінде бір бизнес бағытына енгізген. Ал ұйымдардың 62 пайызы AI-агенттерді сынақтан өткізіп тіпті қолдана бастаған. Сонымен қатар жасанды интеллекттің экономикалық әсері де артып келеді. McKinsey дерегіне сүйенсек, AI технологияларын тиімді енгізген компаниялар әрбір инвестицияланған 1 доллардан орта есеппен 3 доллар табыс тауып отыр. 

Қазірде әлемдегі әрбір он компанияның тоғызы жасанды интеллект технологияларын пайдаланады. Сондықтан АҚШ-тағы жаңа шектеулер бір ғана Anthropic компаниясына емес, бүкіл жаһандық жасанды интеллект нарығының болашағына әсер етуі мүмкін.