Тарихи келісім кейінге шегерілді: АҚШ пен Иран неге келісе алмай отыр?
АҚШ пен Иран арасында Швейцарияда өтуі тиіс маңызды келіссөздердің басталуы кейінге шегерілді. Тараптар әзірге кездесудің ұйымдастыру мәселелерін толық келісе алмаған, деп хабарлайды «24KZ».
Report.az мәліметінше, америкалық делегация келіссөздерге қатысу үшін кез келген уақытта Еуропаға аттануға дайын. Алайда нақты күн мен формат бойынша соңғы шешім әлі қабылданбаған.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің өкілі америкалық делегацияның Еуропаға кез келген уақытта аттануға дайын екенін айтты.
«Алдағы техникалық келіссөздердің жоспары әлі толық келісілген жоқ. АҚШ делегациясы мүмкіндік туған бойда сапарға шығуға дайын. Дегенмен мұндай кездесулердің ұйымдастыру жұмыстары әрдайым күрделі әрі алдын ала болжанбайды», – деді Ақ үй өкілі.
Кідірістерге қарамастан, АҚШ тарапы келіссөздер жақын уақытта басталады деп үміттенеді.
Сарапшылардың пікірінше, келіссөздер сәтті аяқталып, Ормуз бұғазы толық ашылған жағдайда әлемдік нарыққа ондаған миллион баррель мұнай шығуы мүмкін.
Бұл өз кезегінде мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуіне әсер етуі ықтимал.
Қазақстандық экономистер де Швейцариядағы келіссөздерді жіті бақылап отыр. Өйткені олардың нәтижесі теңге бағамына және республикалық бюджет кірістеріне тікелей ықпал етуі мүмкін.