Қазақстан мен БАӘ арасында әуе жүк тасымалы іске қосылды

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында әуе жүк тасымалы қызметі іске қосылды. Екі елдің өзара логистикалық байланысын жаңа деңгейге көтерген бастама отандық экспортты ілгерілетуге сеп.

Өйткені «Алматы-Дубай» бағытындағы «карго» рейстерін 100 тонналық алып ұшақтар орындайды. Онымен жеміс-жидек, көкөніс, ет өнімдері мен басқа да тауарларды әлемнің түкпір-түкпіріне жедел жеткізу жолдары ашылды. 

Қазақстан – халықаралық нарыққа ұшақпен тауар тасымалдау үдерісінің кең ауқымды желісіне қосылды. Демек қыруар қаржы айналып жатқан «карго» бизнесінде біздің де біраз еншіміз болады. Ерекшелігі сол, бұл салаға ғаламдық сауда айналымының 35 пайызы тиесілі. Көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Бүгін тапсырыс берген тауар мен электронды коммерция өнімдерін ұшақпен жедел алдыртатын тұтынушы көп. Кейінгі кезде қазақ-әмірлік қатынасының қарқынды дамуы осы қызметтің іске қосылуына түрткі болды. Мамандардың айтуына қарағанда, оңтүстік астанамыз тоғыз жолдың торабында тұр. Орталық Азия елдері мен Қытайдың батыс өңірлеріне жақын. Сол себепті Алматы әуе жүк тасымалы үшін өңірлік хаб ретінде таңдалды.

Надим Сұлтан, Ғаламдық әуе жүк тасымалы компаниясының вице-президенті:

- Рейсті іске қосу мәселесі көтерілген сәттен Қазақстан билігімен байланысымыз оң бағытта өрбіді. Елшілік қолдау көрсетіп, қажетті көмегін ұсынды. Мұндай қарым-қатынас бізді қосымша ынталандырды десем болады. Кеше алғашқы рейс орындалды. Автокөлік, фармацевтикалық өнім, электроника және басқа да жүктер Қазақстанға жеткізілді. Біз үшін Қазақстанның экспорттық әлеуеті қызық.  Айтпақшы, Алматыны Дубай арқылы әлемнің 160-тан астам бағытымен жалғауды көздеп отырмыз.

Осы күні әмірліктен Қазақстанға жеткізілетін тауарлардың да түрі көп. Мамандар оның жалпы көлемі 80 млн келіге парапар дейді. Көрсеткіш коронавирус пандемиясынан кейін артқан. Оның үстіне Алматы мен Дубай - екі елдің негізгі өнеркәсіп орталықтары. Бұл жерде шығарылған өнім  дүниежүзіне тарайды. Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасын «cargo» рейсімен жалғауға осы жайт сеп болғандай.

Тарик Ахмед Низами, «CEO Clubs Network Worldwide» сарапшылар ұйымының басшысы:

- Әмірліктегі ірі логистикалық компанияның Алматыға арнайы жүк рейсін ашуы - Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды қадам. Бұл бағыт тауарлардың жылдам жеткізілуіне, логистикалық байланыстардың күшеюіне және жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің ашылуына жол ашады. Алматы Орталық Азиядағы ірі бизнес орталықтарының бірі ретінде танылған. Сондықтан бұл бастама екі ел кәсіпкерлері үшін де жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.

Енді қазақстанда жасалған тауарлар жаңа нарықтарға ауқымды көлемде арнайы ұшақтармен тасымалдана бастайды. Екі тәулікке жуық уақытта діттеген жерге жетеді. Орталық Азияға сапалы импорттық өнімдер әкелуге де мүмкіндік бар. Бастысы біздің ел кәсіпкерлері бұның тиімділігін көруге тиіс. Айта кетейік, «air cargo» саласындағы әлемдік алпауыт аймақта алғаш болып Қазақстан нарығына енді. Яғни отандық қана емес, аймақтағы басқа мемлекеттердің де  өнімдерін  сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігі кеңейіп отыр.

Авторы: Рауан Мыңбай