Филиппиндегі мектепте атыс болып, үш оқушы қаза тапты

Фото: Синьхуа

Филиппинде мектепте болған атыстан үш оқушы қаза тауып, кемінде 20 адам жарақат алды, деп хабарлайды «24KZ» Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, дүйсенбі күні тапаншамен қаруланған 14 және 15 жастағы екі оқушы Таклобан қаласындағы San Jose National High School мектебінде оқ жаудырған. Күдіктілер ұсталды. Күдіктілер де, құрбандар да осы мектептің оқушылары болған. 

Полиция жараланған 20 адамның 15-і оқ жарақатын алғанын хабарлады. Олардың арасында басынан оқ тиген және ауруханада жатқан оқушы да бар. Қалғандары қауіптен қашып бара жатып, терезеден секіріп немесе құлап жарақат алған.

1 500-ден астам оқушысы бар мемлекеттік мектептегі атыстың себептерін анықтау үшін тергеу басталды. Өңірлік полиция басшысы Джейсон Капойдың айтуынша, жақын дос болған екі күдікті алғашқы жауап алу кезінде мектепте буллингке ұшырағандарын айтқан.

Олардың бұрын соттылығы болмаған. Күдіктілердің бірі шабуыл кезінде пайдаланған 9 мм тапаншаны полиция қызметкері болып жұмыс істейтін әпкесінен алған. Қазір оған қатысты да тергеу жүргізіліп жатыр. Екінші күдікті 38 калибрлі револьвер қолданған. Джейсон Капойдың сөзінше, мектептің бірнеше кіреберісі мен шығаберісін бір ғана күзетші бақылағандықтан, олар қаруды мектеп аумағына оңай алып кірген.

«Күдіктілер екі сыныпқа кірген. Бірінші сыныпта атыс басталғаннан кейін балалар жан-жаққа қашқан, ал күдіктілер кейбір құрбандарды екінші сыныпқа дейін қуған сияқты», – деді Джейсон Капой журналистерге.

Оның айтуынша, қаза тапқандар мен жараланғандардың басым бөлігі қыз балалар болған. Полиция оқиға орнынан кемінде 40 оқ дәрісін тапқан.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардың бірінде жабық сыныпта парталардың астына жасырынған оқушылардың айқайлап, жылаған дауыстары естіледі. Сырттан оқ атылған дыбыстар шыққан. Кейбір оқушылар аналарына телефон соққан. Басқа видеоларда қатты қорыққан оқушылардың мектеп аумағынан жаппай шығып бара жатқаны, бір-бірін құшақтап тұрғаны көрінеді.

Күдіктілердің бірі шабуылдан кейін мектеп ішінде ұсталған. Ал екіншісі қашып кетіп, жақын маңдағы үйлердің біріне жасырынған жерінен қолға түсті.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз