Қытай АҚШ-қа сирек металл экспортын тежеді

Ресми Бейжің американдық 10 компания Пентагонмен қоян-қолтық жұмыс істейді деп күмәнданады.

Яғни сирек металдар соғысқа қолданылуы ықтимал. Ал АҚШ-тың бұл өнеркәсіптері Қытайдан келетін ресурстарға зәру.

Осыған дейін АҚШ-та қытайдың 60 алпауыт компаниясын қара тізімге енгізген еді. Олардың арасында Alibaba, Baidu, тіпті әлемдегі ең ірі автоөндіруші BYD секілді компаниялар бар.  Осыған қарағанда екі елдің арасындағы сауда дауы тағы ушығатын түрі бар. 

Қытай мен АҚШ-тың саудасы пайда емес, саясатқа байланып тұр. Екі держава да бірін бірі байытқысы келмейді. Реті келсе шалып қалуға құмар. Кейінгі шектеудің барлығы қорғаныс саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. АҚШ қара тізімге енгізген қытайлық компаниялар Пентагонның Қытай әскеріне көмектеседі деген күдігіне ілікті. Іле-шала Қытай да дәл осындай жауап қатты. Енді американдық компаниялар сирек металдан қағылатын болды. Өйткені Қытай әлемдегі өңделген сирек металдар мен сирек жер магниттерінің 90 пайызын өндіреді. Солардың 17 түрі электромобиль, авиациялық моторлар және әскери радарлар өндірісінде аса маңызды материалдар саналады. 

Алыстағы АҚШ шығыстағы көршімізден сирек металдардың 71 пайызын импорттап отыр. Малайзиядан 13%, Эстония мен Жапониядан небары 5 пайыз өнім импорттайтынын ескерсек, АҚШ экономикасы Қытай жерінен шығатын сирек металдарға аса зәру екенін көреміз. 

ҚЫТАЙ - 71%

МАЛАЙЗИЯ - 13%

ЭСТОНИЯ - 5%

ЖАПОНИЯ - 5% 

ЦИТАТА

АҚШ қорғаныс өнеркәсібіне әсері айтарлықтай болады. Өндірушілер әсіресе қорғаныс және жоғары технологиялық салалардағы өндірушілер, жеткізілімдегі үзілістер мен қорлардың шектеулі болуына байланысты тапшылық пен өндірістің кешеуілдеуіне тап болуы мүмкін.

Томас Крюммер, Ginger International Trade and Investment компаниясының директоры

Қытай индий металы экспортына шектеу қойды

Биыл жыл басында АҚШ Қорғаныс министрлігі алдағы үш жыл ішінде индий сирек металының қорын 403 тоннаға жеткізбек болып, сұраныс жариялаған. Осы тұста әлемдік индий өндірісінің 70 пайызын қамтамасыз ететін Қытай эскпортқа дереу тежеу қойды. Бұл металл жасанды интеллект саласына ауадай қажет. Индий деректер орталықтарында жоғары жылдамдықты оптикалық чиптерді өндіруге қажет. Былтыр ақпанда Бейжің индий фосфидін экспорттық бақылауға жататын тауарлар тізіміне енгізген еді. Бұл шектеулер бірқатар компанияға кедергі келтірді. Мәселені шешу үшін NVIDIA қолдайтын, Coherent компаниясының бас директоры Бейжіңге Трамппен бірге арнайы барған.

Қытай сирек металдар экспортын шектеді

АҚШ-та сирек жер элементтерін өндіретін бір ғана кеніш бар. Ол Калифорнияда орналасқан Маунтин-Пасс кеніші. Алайда елде металл өңдейтін өндірістік қуат жеткіліксіз. Сондықтан шикізатты өңдеу үшін Азияға, негізінен Қытайға жіберіледі. 1980 жылдарға дейін АҚШ әлемдегі сирек металдардың ең ірі өндірушісі болған. Алайда Қытай өндіріс ауқымы мен төмен өндірістік шығындардың арқасында бұл саланы өзін қаратып, америкалық компанияларды нарықтан ығыстырған.

Қытай АҚШ-қа сирек металдар эспортын бақылауды былтыр бастаған еді. Ол кезде Трамп әкімшілігі жартылай өткізгіштерге салық салған болатын. Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының мәліметінше, бұл жағдай жаһандық жеткізу тізбектері мен АҚШ, Еуропа және Жапониядағы автомобиль өнеркәсібіне кедергі келтірген. Сөйтіп, АҚШ президенті экспортты қалпына келтіру үшін 90 күндік бітім туралы келіссөздер жүргізген еді.