Ресейдің Қазақстанмен шекаралас өңірлерінде бензинге шектеу енгізілді
Ресейдің энергетика нысандарына жасалған шабуылдар бензин тапшылығын тудырды. Қазақстанмен шекаралас Омбы және Саратов облыстарында жанармай сатуға уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды «24KZ».
Жергілікті билік бұл шешімді нарықтағы қолдан жасалған тапшылықтың алдын алу қажеттілігімен түсіндіріп отыр.
Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко,
енді өңірдегі жанармай құю бекеттерінде бір көлікке 40 литрден артық бензин және 80 литрден артық дизель отыны сатылмайды. Ал күре жол бойындағы бекеттерде 40 литр бензин мен 200 литр дизель алуға болады, деді.
Сұйытылған газға қатысты шектеу енгізілген жоқ.
Айта кетейік, Омбы облысы Қазақстанның Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарымен шектеседі.
Осындай шектеу Саратов облысында да күшіне енді. Батыс Қазақстан облысымен шекаралас бұл өңірде бір көлікке 30 литр бензин ғана сатылмақ. Шектеу 23 маусымнан бастап ай соңына дейін жалғасады.
Соңғы уақытта Ресейдің бірнеше өңірінде жанармай тапшылығы мен бағаның өсуіне қатысты алаңдаушылық күшейген. Сарапшылар мұны мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына әсер еткен факторлармен байланыстырады.
Оған қоса, Украина тарапынан Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына жасалып жатқан дрон шабуылдары да жағдайға ықпал етіп отыр.
Осылайша, Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аймақтарында жанармай саудасына қойылған шектеулер көрші өңірлердегі отын нарығына қатысты мәселелердің ушығып бара жатқанын көрсетеді.