БАӘ Иран активтерін қайтарған жоқ

Бұл жайында елдің Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Осы арқылы ресми Абу-Даби халықаралық ақпарат кеңістігіне тараған дақпыртты жоққа шығарды.

Бұған дейін бірқатар әлемдік БАҚ әмірліктердің Иранға миллиардтаған доллар қаржы аударғанын жаппай жариялаған еді. Кейін жағдайға мемлекет араласып, түсініктеме берді. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Біріккен Араб Әмірліктері Иран төңірегінде тағы дауға ілікті. Бұл жолы ресми Абу-Даби Парсы мемлекетіне жасырын қаржы аударды деген атқа қалып отыр.

 «Ройтерс» басылымының дерегі бойынша әмірліктер осыдан біршама уақыт бұрын Тегеранға бұғатталған активтерін қайтарған. Арадағы шиеленіс ширығып әрі санкциялық шектеу алынбай тұрған кезеңде неліктен мұндай қадамға барғаны белгісіз. Бұған қатысты түрлі болжам айтып, долбар жасағандарға жергілікті сыртқы саяси мекеме былай деп жауап қатты.

БАӘ Сыртқы істер министрлігі:

- Біріккен Араб Әмірліктері бұғатталған Иран активтеріне қатысты қаржы аудару, босату немесе қайтару бойынша ешқандай операция жүргізбеді. Сондай-ақ халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде «Reuters»-те тараған бұл сипаттағы ақпарат шындыққа жанаспайды және Әмірліктер тарапынан мұндай келісімдер немесе мәмілелер жасалмағанын растайды.

Әмірліктердің қаржы жүйесіндегі Иран активтері шамамен 20 млрд долларға жуықтайды. Кей деректерде көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені Араб жерінде ирандық капитал әу бастан аз емес. Бұл жақтағы біршама бизнес сол елдің кәсіпкерлері есебінен құрылып, тұрақты жұмыс істеп тұр. Тегеран Дубай мен Абу-Дабиді Таяу Шығыстағы ірі қаржы орталығы ғана емес, тұтас жер жүзімен алыс-беріс жасайтын аймақ санайды. Алайда қазір ахуал өзгерген. Араб Әмірліктері мен Иранның шектеулі дипломатиялық байланыстары күрт нашарлады. Қашан бұрынғы қалпына ораларын дөп басып ешкім айта алмайды.

Обаид Ахмед Әли Әлзааби, Халықаралық қатынастар саласы бойынша сарапшы:

- Әрине, біз бейбітшілікті қалаймыз. Жағдай оң бағытта өрбігеніне мүдделіміз. Бірақ әзірге барлық тараптың мүддесіне сай келетін бітімге қол жеткізу қиын болып жатыр. Бір белгілісі, Араб шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше тараптар Иранға бұрынғыдай қарай қоймайды деп ойлаймын. Көзқарас түбегейлі өзгереді.

Дегенмен халықаралық қауымдастық Иран активтері төңірегіндегі мәселені жіті назарда ұстап отыр. Әсіресе Біріккен Араб Әмірліктері бұл жайтқа келгенде, асығыс әрекет етпегенді қалайды. Оның соңы тағы өңірдегі саяси тепе-теңдіктің бұзылуына алып келмес үшін барынша сақ болуға көшкен.

Авторы: Рауан Мыңбай