Түркияда зейнеткерлер жұмыс істеуге мәжбүр

Түркияда зейнеткерлердің көбі еңбек нарығынан қол үзбей, әлі күнге дейін жұмыс істеп жүр.

Әсіресе дүкен, мейрамхана, шаштараз сияқты қызмет көрсету салаларында олардың қарасы көп. Сарапшылардың айтуынша, бұған аймақта инфляцияның өсуі мен қымбатшылық себеп. Сол себепті зейнетақы мөлшері артқанымен бұл сома күнделікті шығындарын өтеуге жетпейді. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші: 

- Қазақ танымында зейнеткерлік – бейнеттің зейнетін көретін кезең. Ал Түркияда бұл ұғым басқаша сипат алған. Жоғары инфляция мен күнделікті шығындардың артуына байланысты зейнеткерлер еңбекке араласуын жалғастыруға мәжбүр. Сондықтан базардағы сатушыдан бастап, дәмханадағы даяшы мен шаштараздағы шеберге дейін егде жастағы адамдарды жиі кездестіруге болады.

Анкаралық Хайдар Түмоктың шаштараз кәсібімен айналысқанына жарты ғасырдан асқан. Ал зейнетке шыққанына 20 жылдай болған. Жасы жетпіске таяса да күнкөріс үшін кәсібін жалғастыруға мәжбүр.

Хайдар Түмок, зейнеткер:

- Еліміздің экономикалық жағдайы белгілі. Сондықтан жұмыс істеуге мәжбүрмін. Жалдамалы пәтерде тұрамын. Қазір оның ақысы 30 мың лирадан басталады. Мен 25 жыл бойы сақтандыру жарнасын төледім. Соған қарамастан алатын зейнетақым – 23 мың лира ғана. Бұл қаражат күнделікті қажеттіліктерді өтеуге жеткіліксіз. Әйтеуір сүйіп істейтін кәсібім бар, соның арқасында күн көріп жүрмін.

Мұндай жағдай Түркияда үйреншікті көрініске айналған. Егде жастағылардың дені күнкөріс шығындарын азайту үшін түрлі салада еңбек етеді. Тіпті олардың арасында зейнет жасына жетсе де сақтандыру жарнасы болмағандықтан тұрақты төлем алмайтындары да бар. Ал жарна төлегендердің ақысы шайлығына жетпейді. Мәселен, былтыр ең төменгі зейнетақы 16 мың 881 лира болса, биыл 20 мың лираға ғана ұлғайды. Алайда инфляция бұл өсімнің әсерін әлсіретіп отыр.

Түркиядағы ең төменгі зейнетақы мөлшері

2025 жылы қаңтар – 14 468 лира

2025 жылы шілде  -  16 881 лира

2026 жылы қаңтар  - 20 000 лира

Мұстафа Кемал Жошкун, әлеуметтанушы:

- Түркияда ең төменгі зейнетақы мөлшері 28 мың лира. Ал зейнеткерлердің басым бөлігі шамамен 20 мың лира алады. Сол азғантай ақшаға қол жеткізу үшін азаматтар міндетті түрде әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлеуі керек. Егер азамат есми тіркелмей жұмыс істесе немесе жұмыс беруші оның жарнасын аудармаса, оол жылдар бойы жұмыс істесе де еңбек өтілі есептелмейді. Сондықтан зейнетақысы аз немесе мүлде жоқ қарттардың көбі зейнетке шықса да еңбек етуге мәжбүр.

Иә, Түркияда жастың да, жасамыстың да басты алаңдаушылығы – тұрмыс сапасы. Әсіресе денсаулығы сыр беріп, еңбек ету мүмкіндігі шектеулі егде жастағылар үшін жағдай күрделі. Ал жұмыс істегісі келетін қариялардың өзі  нарықта түрлі кедергіге тап болып, жұмыс таба алмай жүргендерін айтады.

БЛИЦ

- Мені мемлекет зейнетке шығарды. Бірақ күні бойы төрт қабырғада қамалып отырғым келмейді. Әлі де жұмыс істеуге күш-қуатым жетеді. Қоғамнан қалыс қалмас үшін белсенді болған дұрыс деп ойлаймын.

- Алатын зейнетақым – 25 мың лира. Бірақ жұмыс істегім келгенімен жасыма байланысты көп жерде қабылдай бермейді. Ал бұл қаражатпен өмір сүру оңай емес.

Зейнеткерлерді қолдау мақсатында Түркия үкіметі Ораза айт пен Құрбан айт мерекелері қарсаңында бір жолғы төлемдер береді. Сонымен қатар азық-түлік, коммуналдық қызмет сияқты жеңілдіктер ұсынатын әлеуметтік бағдарламалар бар. Алайда сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар егде жастағылардың тұрмысын түбегейлі жақсартуға жеткіліксіз. Өйткені зейнетақы көлемі артқанымен, инфляция қарқыны одан да жоғары болып отыр.  

Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков