Венесуэлада үйінді астында 2 тәулік жатқан сәби аман қалды
Венесуэлада жойқын жер сілкінісінен кейін құтқарушылар үйінді астынан тірі қалған сәбиді құтқарып алды, деп хабарлайды «24KZ».
Алдын ала мәліметке сәйкес, нәресте бетон плиталардың астында екі тәуліктен астам уақыт бойы сусыз әрі тамақсыз жатқан. Желіде баланы құтқарған сәттің видеосы тарады. Дәрігерлер оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізген. Қазір сәби дәрігерлердің тұрақты бақылауында, жағдайы бірқалыпты.
Еске салсақ, сәрсенбі күні кешке Венесуэланың солтүстік-орталық бөлігінде арасына шамамен 40 секунд салып магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Кариб теңізі жағалауындағы Морон қаласының маңында тіркелген. Бұдан кейін өңірде 20-дан астам афтершок болған.
Соңғы мәліметтер бойынша, апат салдарынан 200-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын жарақат алған. Каракас пен Ла-Гуайра қалаларында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келген.
Елдің бірнеше өңірінде электр жарығы мен байланыс жүйесі уақытша істен шыққан.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз