Д. Трамп жаңа тарифтер енгізуі мүмкін

Президент Дональд Трамп америкалық компаниялардың цифрлық қызметтеріне салық салғысы келген елдердің барлық тауарына 100 пайыздық тариф енгізетінін мәлімдеді.

Ақ үй басшысы әсіресе Еуропаға шүйлігіп отыр. Өйткені кәрі құрлықта мұндай бастамалар белсенді талқыланып жатыр. АҚШ президенті жаңа тарифтер Құрама Штаттармен жасалған кез келген сауда келісімінен басым болатынын атап өтті. 2019 жылы Франция ел аумағындағы жылдық табысы 25 миллион еуродан, ал жаһандық айналымы 750 миллион еуродан асатын компаниялардың цифрлық қызметтерінен түсетін кірісіне 3 пайыздық салық енгізген болатын. Бір апта бұрын Франция президенті Эмманюэль Макрон Вашингтон тарапынан жасалған қысымға қарамастан, бұл шешімнен бас тартпайтынын мәлімдеді.