Дубай неге дүрлікті?

«Дубайға тағы әуеден соққы жасалды».

Күні кеше Біріккен Араб Әмірліктерінің шұғыл ескерту жүйесінен осындай жедел хабарлама тарады. Сөйтіп, қаннен қаперсіз, бейқам жүрген жұрт үрейге бой алдырып, даурыға жөнелді. Дегенмен, қорқыныш тез сейілді. Өйткені әмірлік аспанына еш қауіп төнбеген. Мәселенің мәнісі жүйеден қателік кетті дегенге саяды. «Билік органдары мұны растап, олқылықтың орнын тез түзеттік» дейді. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Кеше Дубай тұрғындарын тағы дүрліктерген жағдай болды. Күн еңкейіп, көлеңке ұзара бастаған шақта қалаға әуеден соққы жасалып жатқаны жөнінде жедел хабарлама келді. Айналада ешбір жарылыс болмаса да дабылдан соң даурығып, дүрліккендер бар. Өйткені осыдан 2-3 ай бұрынғы жағдай әлі ұмытылған жоқ. Жұрт сол үрейден енді арыла бастады. 

ЦИТАТА: 

БАӘ Төтенше жағдайлар, дағдарыс және апаттарды басқару жөніндегі басқармасы

«Шұғыл хабар тарату жүйесінде күтпеген техникалық ақау болып, соның салдарынан тұрғындарға қате ескерту жіберілді. Арнайы мамандар ақауды жөндеп, қалпына келтірді. Жауапты мекеме ретінде қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз. Халықты тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және расталмаған ақпаратты таратпауға шақырамыз. Еш алаңдамай, біздің нұсқаулықтарға сенуді сұраймыз».

Дегенмен, аймақтағы ахуалды тұрақты деу ерте. Ормуз бұғазында АҚШ пен Иран бір-біріне тағы соққы жасауға көшті. Сөйтіп, таяуда ғана жасасқан уағдаластыққа кереғар қадамға барды. Су жолында қалған мыңдаған кеме мен ондағы қызметкерлерді эвакуациялық операциясының орта жолдан тоқтағаны сондықтан. Қашан қайта іске қосылары белгісіз. Жалпы кей шығанақ елдері Ислам сақшылары корпусының әрекетін біле тұра Тегеран өкілдерімен арадағы қатынасты қалпына келтіруге қарсы емес. Әсіресе Сауд Арабиясы бұған мүдделі. Тараптарды түгел Риядқа шақырып, өзара байланыстарды жақсартқысы келеді. Ең басты ерекшелік, бетпе-бет кездесуде АҚШ болмайды. Тек араб және парсы мемлекеттерінің өкілдері бас қосуы тиіс. Бұл үдерісті сарапшылар оң бағалап отыр.

Яс Сейдан, саяси және экономикалық сарапшы: 

- Қақтығыстан кейін жағдай біршама жақсарғанымен өңірдегі тұрақтылықты толық қалпына келтіру үшін әлі уақыт қажет. Әсіресе мұнай нарығы мен жеткізу тізбегі бұрынғы орнына бірден орала қоймайды. Дегенмен, өңірдің болашағына оң көзқараспен қараймыз. Шиеленіс сәл басылған соң Әмірліктерде жанармай бағасының біршама төмендегенін байқадық. Ең бастысы, мұндай қақтығыстар қайталанбаса екен дейміз.

Айта кетейік, араб елдерінде қазір Иранды қалпына келтіруге бағытталған қор құру бастамасы қызу талқыланып жатыр. Оның жалпы көлемі 300 млрд долларға жетпек. Қомақты капитал инвестиция ретінде жұмсалып, екі жаққа да тиімді пайда әкелуі қажет. Осы ретте әмірлік кәсіпкерлері бейбітшілікке қол жеткізуді басты мақсат етіп, қорға қосылуы мүмкін. 

Рауан Мыңбай