Еуроодақ АҚШ пен Қытай технологиясына тәуелділіктен құтылуды көздейді
АҚШ-Еуропа сауда шиеленісі күшеюі мүмкін.
Ұлыбританияда цифрлық қызметтерге 2%-дық салық 2020 жылы енгізілген. Бұл салық жаһандық цифрлық бизнестен түсетін жылдық табысы 579 млн еуродан асатын, ал Ұлыбританиядағы кірісі шамамен 29 млн еуродан жоғары ірі іздеу жүйелеріне, әлеуметтік желілер мен онлайн-маркетплейстерге салынады. Тізімде Apple, Google, Meta және Amazon сияқты америкалық технологиялық алпауыт компаниялар бар. Ал Франция, Италия және Испания ел аумағында жұмыс істейтін ірі компаниялардан 3% салық өндіреді. Дональд Трамп бұл шараларды әділетсіз деп айыптайды. «Бұл біздің ел арқылы оңай пайда табудың жолы» дейді. Ұлыбританияның Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2024–2025 жылдары дәл осы салықтан бюджетке 926 млн еуродан астам қаражат түскен.
ЦИТАТА: Дональд Трамп, АҚШ Президенті
- Мұндай салықты енгізетін мемлекеттер Құрама Штаттарға жөнелтілетін барлық тауарларға қатысты 100%-дық кедендік бажға тап болады. Бұл тариф сол елмен жасалған кез келген сауда келісімдерінен басым болады. Сауда келісімдері күшіне енді ме, қол қойылды ма – ол маңызды емес.
Еуроодақ Вашингтонның қысымына қарамастан райынан қайтуға әзір емес. Экономикалық блок мұндай тарифтерден қорғануға барын салатынын жеткізді. Еуроодаққа мүше мемлекеттер өз аумағындағы экономикалық қызметті өзі реттеуге құқылы екенін атап өтті.
ЦИТАТА: Олоф Гилл, Еуропалық комиссияның ресми өкілі
- Заңды саясатқа қарсы бағытталған біржақты шараларға ешқандай негіз жоқ. Егер ондай шаралар қолданылса, Еуропалық одақ өз құқықтары мен нормативтік автономиясын қорғау үшін жедел әрі батыл жауап береді. Цифрлық қызметтерге салынатын салық қандай да бір нақты елдің компанияларына қарсы бағытталмаған және олардың шыққан еліне қарамастан барлық ірі компанияларға бірдей қолданылады.
Еуроодақ технологиялық дербестікке ұмтылды
Еуропалық Одақ АҚШ пен Қытай технологияларына тәуелділікті азайтуға тырысып жатыр. Қарт құрлық технологиялық қызметтер мен өнімдердің 80 пайызын импорттайды. Енді жаңа заңдар америкалық IT-компаниялардың мемлекеттік бұлтты сервистерге арналған тендерлерге қолжетімділігін шектеуі мүмкін. Бұл көбінесе Microsoft және Amazon корпорацияларына қатысты болмақ. Бұлар Еуроодақтағы бұлтты қызметтердің ең ірі жеткізушілері. Нарықтың шамамен 60%-ын бақылап отыр. Осыдан соң басымдықтар жергілікті IT-компанияларға беріледі. Сарапшылардың пікірінше, бұл шара нарықты анағұрлым ашық етуге және бәсекелестікті күшейтуге көмектеседі. Өйткені Amazon мен Microsoft, әзірге, шағын ойыншыларға дес бермей тұр.
Хенна Вирккунен, Еуропалық комиссияның технологиялық егемендік, қауіпсіздік және демократия жөніндегі вице-төрағасы:
- Еуропаның өз таңдауы болуы қажет. Басымдыққа ие бір ғана жеткізушіге, компанияға немесе үшінші елге тәуелді болу қауіпті. Өйткені біз геосаясат пен технология қатар жүретін әлемде өмір сүріп жатырмыз. Технологиялық инновацияларды алға жылжытатындар болашақты қалыптастырады. Сондықтан Еуропаның осы үдерісте жетекші рөл атқаруын қамтамасыз етуіміз керек.
Big Tech компанияларының жауапкершілігі артты
Қазір мемлекеттер жаһандық цифрлық платформалардың қызметіне барынша аз араласу қағидатынан біртіндеп бас тартып отырғанын байқаймыз. Технологиялық компанияларды ұлттық ережелерге бағынуға тиіс инфрақұрылым ретінде қарастыра бастады. Әлеуметтік желілердегі жас шектеулері де осының бір көрінісі. Қазір Еуропа ғана емес, әлем бойынша көптеген ел балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік желіні шектеп жатыр. Алғашқы болып заңды Австралия қабылдады. Іле-шала осындай бастаманы Франция, Дания, Грекия қолдады. "Алайда бұдан әзірге айтарлықтай нәтиже көріп отырған жоқ" дейді сарапшылар.
Джулия Дэвидсон, Шығыс Лондон университетінің профессоры:
- Іс жүзінде Австралиядағы жастардың басым көпшілігі, яғни, шамамен үштен екісі бұл тыйымды сақтамайды. Олар әлеуметтік желілерге кірудің түрлі жолдарын тауып отыр. Мысалы, VPN қызметтерін және басқа да байланыс платформаларын пайдаланады. Менің ойымша, технологиялық компаниялар пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Осы тұрғыда олардың жауапкершілігін одан әрі арттыруымыз қажет.
Цифрлық қызметтерге салынатын салық біраздан бері АҚШ және Еуропа сауда қатынастарындағы шиеленістің негізгі себептерінің бірі. Әзірге ескерту күйінде қалып отырған 100 пайыздық тарифтер шын мәнінде жүзеге асса, ал 27 елден тұратын экономикалық блок бұған жауап ретінде қарсы шара қабылдаса, бұл Құрама Штаттар мен Еуроодақ арасындағы әлдеқайда ауқымды сауда қақтығысына әкелуі бек мүмкін.