Қытай Жапония текетіресі ушыға түсті
Қытай мен Жапония арасы ушығып барады. Бұған Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичидің былтыр Тайвань мәселесіне қатысты мәлімдемесі себеп.
Оған қоса Токио әскери шығындарын едәуір ұлғайтып, қару-жарақ экспортын жандандырып жатыр. Тіпті Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған Конституциясын да қайта қарамақ. Бұл, әрине, екі ел қарым-қатынасын одан әрі ушықтырды. Қытай Жапонияны қайта милитаризацияға бет бұрып жатыр деп айыптайды.
Бұған жауап ретінде Бейжің Токиоға жөнелтілетін кей тауар түрлеріне экспорттық бақылау енгізе бастады. Кеше бұл тізім тағы 20 жапондық компаниямен толықты. Ал билікке келе сала, қорғаныс өнеркәсібін экономикалық өсімнің жаңа бағытына айналдыруды қолға алған Санаэ Такаичи әзірге райынан қайтар емес.
Қытай Жапонияның 20 ұйымын қос мақсаттағы тауарларға қатысты экспорттық бақылау тізіміне енгізді. Қос мақсаттағы тауарлар дегеніміз – азаматтық бағытта ғана емес, әскери өндірісте де қолдануға болатын өнімдер. Сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын жасауда пайдаланылатын технология мен жабдықтарды айтамыз. Енді қытайлық ұйымдар тізімге енген жапондық компанияларға алдын ала рұқсатсыз тауар жеткізе алмайды. Бұған себеп – Токионың «қайта милитаризацияға» ұмтылысы.
Го Цзякунь, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Бұл шаралар жапон неомилитаризмінің дамуын, сондай-ақ елдің ядролық мүмкіндіктерін шектеуге бағытталған. Жапония өз қателігін түсініп, өткеннен сабақ алып, дұрыс жолға түседі деп үміттенеміз. Қытай енгізген заңды шектеулер Жапониядағы кейбір компанияларға және тек қос мақсаттағы тауарларға ғана қатысты қолданылады. Ол Қытай мен Жапония арасындағы қалыпты сауда-экономикалық байланыстарға әсер етпейді. Сондай-ақ заң талаптарын сақтап, адал қызмет атқарып жүрген жапон компанияларына алаңдауға негіз жоқ.
Жапония Конституциясын қайта қарайды
Тізімге енген компаниялардың қатарында Mitsubishi-дің еншілес компаниялары бар. Мәселен, Mitsubishi Heavy Industries – Жапонияның ірі қорғаныс мердігері. Энергетикалық құрылғылар, ғарыш техникасы, металлургия және химия өнеркәсібі құрал-жабдықтарын өндіреді. Сонымен қатар қару-жарақ пен әскери техниканың түр-түрін шығарады. Былтыр бұл компания табыс көрсеткішінің рекордтық деңгейіне жеткен. Бұған дейін ауыр өнеркәсіп саласындағы өндіруші тек ішкі нарыққа жұмыс істейтін. Кейін қаруды өзге мемлекеттерге сата бастады. Өйткені Жапония ондаған жыл бұрын енгізілген қару экспортына қойылған шектеулерді жеңілдетті. Биліктің бұл шешіміне жергілікті халық наразы. Өйткені ол ұлттық мүддеге қарсы.
БЛИЦ:
- Жапонияның саясаты өзгерді. Зымыран, фрегат, жойғыш ұшақтар енді толық көлемде экспортталуы мүмкін. Билік қаруды «қорғаныс мақсатында пайдаланылады» деп сипаттағанымен, техникалық тұрғыдан оны шабуыл операцияларында да қолдануға болады. Сондықтан қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары мен мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізіп, қандай қару өндіріліп жатқанына және оның кімге сатылып жатқанына назар аударуымыз керек.
- Жапония соғыстың зардаптарын терең түсініп, соның негізінде бейбіт қоғам құрып, құндылықтар жүйесін түбегейлі өзгертуі керек еді. Алайда қазір соғыстан пайда табуға бағытталған саясат жүргізіліп жатыр. Бұған мүлде жол беруге болмайды.
Жапония кейінгі 14 жыл қатарынан қорғаныс бюджетін жоғары қарқынмен ұлғайтып жатыр. Биыл рекордтық 10,6 трлн иен жұмсамақ. Әскери шығындар ЖІӨ-нің 2%-на жуықтады. Үкімет алдағы уақытта бұл көрсеткішті 3,5%-ға дейін жеткізуге ниетті. Бұдан Бейжің мен Мәскеу қауіптеніп отыр. Тақауда қос ел Шығыс Қытай теңізі мен Жапон теңізі үстінде бірлескен стратегиялық әуе патрулін жүргізді. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқан соң, Жапония Конституциясына 9-шы бап енгізілді. Бұл бапқа сәйкес, мемлекет соғыстан халықаралық дауларды шешу құралы ретінде бас тартады. Алайда қазір билік Конституцияға өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды жоспарлап отыр.
Такакагэ Фудзита, Мураяма мәлімдемесін сақтау және дамыту қауымдастығының бас хатшысы:
- Халықтың қарсылығына қарамастан, Жапония Қытайға жақын орналасқан оңтүстік-батыс аралдарында зымыран базаларын салып жатыр. Шамадан тыс әскери әлеуетті арттыру Азиядағы шиеленісті күшейтеді. Ұзақ жылдар бойы әлем жұртшылығының сеніміне ие болған пацифистік Конституцияға қазір өзгеріс енгізу мәселесі көтерілуде. Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Соғыстан кейінгі Жапония халықаралық қауымдастықтың сеніміне дәл осы Конституцияның арқасында қайта ие болды. Бұл Жапонияның бейбітшілік декларациясы десек болады. Премьер-министр Санаэ Такаичидің саясаты бұл құжаттың негіздеріне нұқсан келтіріп жатыр.
БАҚ: Қытай Жапонияның деректерін ұрлады
Қазір Жапония экономикалық және ақпараттық қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Ұлттық полиция агенттігі елге әлемнің түкпір-түкпірінен киберқауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Осы себепті АҚШ-тың шетелдік инвестициялар жөніндегі комитетіне ұқсас жапондық құрылым іске қосылды. Ол жапон компанияларына салынатын шетелдік инвестицияларды тексеру тетігін едәуір кеңейтіп, бақылауды күшейтуге тиіс. Айта кету керек, Құрама штаттарда бұл комитет, әсіресе, Қытай тарапынан туындайтын қауіптерге ерекше назар аударады. «Сондықтан Жапонияның жаңа жүйесі де осыған ұқсас бағытта жұмыс істеуі мүмкін» дейді сарапшылар. Блумберг басылымының деректеріне сенсек, кейінгі бірнеше аптада қытайлық тыңшылар Жапонияның өнеркәсіптік құпия деректерін ұрлап, Жапония аумағы арқылы алдыңғы қатарлы технологиялар мен Nvidia компаниясының чиптерін заңсыз алып шығуға әрекет жасағаны анықталды.
Шығыс Азиядағы екі ірі мемлекет арасындағы даудың, әзірге, басылар түрі көрінбейді. Қытай Жапонияны соғыстан кейінгі халықаралық тәртіпке қарсы шығып жатыр деп айыптайды. Ондағы неомилитаризмнің жандануы аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіреді деп қауіптенеді. Ал Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи алған бетінен қайтар емес.