Қытай зауыттарында былтыр 354 мың робот іске қосылды
Адамзат өндірістік роботты көбейтіп жатыр. Халықаралық робототехника ұйымының дерегі бойынша былтыр Қытай зауыттарында 354 мың темір көмекші іске қосылды.
Бұл жаһандық көрсеткіштің 59 пайызы шығыстағы көршіміздің үлесінде деген сөз. Жапония мен АҚШ өндірісі де автоматтандырылған жүйеге жаппай көшіп жатыр. Озық технологияның дамуы еңбек нарығына қалай әсер етеді?
Қытайда электр желілерін тексеру енді адамның емес, гуманоид роботтың міндетіне айналады. Артықшылығы сол, 40 градус ыстыққа төзімді. Электр желілеріндегі ақауды тез анықтайды. Бір есептен адамның қолын ұзартады әрі өмірге қауіп төндіретін жұмысты атқарады.
Ли Дуаньцзяо, робототехника зертханасының жетекшісі:
- Мысалы, 500 киловольттық қосалқы станцияны алайық. Мұнда мыңдаған жабдық, тексеретін 10 мыңға жуық нүкте бар. Бәрін аптап ыстықта, жаңбыр кезінде, тіпті найзағай жарқырап тұрса да, тексеру керек. Адам үшін бұл өте ауыр, әрі бірсарынды жұмыс.
Темір көмекші бұрыннан бар. Алғашқысы өткен ғасырдың 60-шы жылы құрастырылды. Мұны америкалық «Дженерал Моторс» компаниясы қолданысқа енгізген еді. Алайда сол кезде бұған қуатты компьютерлер мен жасанды интеллект жетпей тұрды. Енді роботтардың ақылы толыса бастады десек болады.
Петер Шмаус, Германия аэроғарыш орталығының қызметкері:
- Бұрын темір көмекшілер тек бір тапсырманы орындайтын. Қазір жасанды интеллектінің арқасында роботтардың мүмкіндігі кеңейіп келеді. Енді тек өндірісте ғана емес, тіпті адамдардың ортасында өмір сүре бастауы мүмкін.
Иә, роботтар мен нейрожелінің дамуы өндірістің келбетін түбегейлі өзгерте бастады. Қазір ірі кәсіпорындарда автоматтандырылған жүйені небәрі 2-3 адам басқарса жеткілікті. Ғалымдар есесіне адамдар ақыл-ой, шығармашылық жұмыспен айналысатынын айтады.
Артем Соколов, Humanoid компаниясының бас директоры:
- Өндірістегі компаниялардан тапсырыс көп. Көлік, мұнай-газ саласына 25 мың робот құрастыруға келісімшарт жасастық. Өйткені бұл салаларда млн-даған жұмыс орны бос тұр. Жастар зауыттардағы ауыр, жалықтыратын жұмыстарды істегісі келмейді. Енді мұны адам емес, робот істейді.
Әу баста роботтар адамдардың әлі келмейтін ауыр жұмысты атқару үшін құрастырылған еді. Алайда кейінгі кезде озық технология адамдардың орнын баса ма деген қауіп күшейді. Алайда не десек те, ғалымдар роботтарға қатысты жаһан жұртының үрейі орынсыз дегенді айтады.
Джорджо Метта, Италия технология институтының өкілі:
- Еуропа халқы қартайып келеді. Демек алдағы уақытта кәрі құрлықтың біраз елінде жұмысшы күші жетіспеуі мүмкін. Ал өндірісті тоқтатуға болмайды. Сондықтан аз жылда автоматтандырылған жүйеге сұраныс артады. Адамтектес роботтардың артықшылығы сол, мұны қазіргі инфрақұрылымға бейімдеуге болады. Яғни зауытты қайта құрып әуре болмайсыз. Адамның орнына роботты қойып, сол жүйені әрі қарай пайдалана беруге болады.
Демография мәселесі Еуропада ғана емес, Қытай да ушығып тұр. Мәселен, 2013 жылдан бері шығыстағы көршіміздің еңбек нарығы 18 млн адамға қысқарыпты. Жапонияда да жас маман тапшы. Қазір 2-3 жылда адамзат өндірістік роботтардың санын жылына 800 мыңға көбейтіп отырады деген болжам бар. Тесла басшысы, миллиардер Илон Масктың айтуына қарағанда бұл еңбек өнімділігін еселейді.
Илон Маск, Tesla компаниясының бас директоры:
- Он жылда әлемде адамтекті роботтардың саны бір млрд-қа жетеді. Ал озық технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын ескерсек, 15 жылдан кейін темір көмекшілердің саны 10 миллиард, 20 жылдан кейін 100 млрд болуы мүмкін.
XX ғасырда көлік өнеркәсібі қалай маңызды болса, XXI ғасырда робот техникасы солай дамиды. «Экономиканың қозғаушы күшіне айналады. Сондықтан өндірістік роботтарды стратегиялық бағыт ретінде дамыту маңызды», - дейді мамандар.
Авторы: Зайнұр Байжігіт