Кубада экономикалық дағдарыс күшейді

Кубада дағдарыс күшейді. АҚШ енгізген қосымша санкциялардан кейін елде энергия тапшылығы артып,  денсаулық сақтау жүйесінде мәселе көбейді.

Елдің негізгі табыс көздерінің бірі саналатын туризм де құлдырады. Саяхатшылар азайған. Санкциялар бәрінен бұрын қарапайым халықтың тұрмысын қиындатып барады. 

Динара Қуандыққызы, тілші:

- Куба АҚШ санкцияларының қысымымен 60 жылдан астам уақыт өмір сүріп келеді. Арал мемлекеттің экономикасы сырттан жеткізілетін отынға тәуелді. Елде мұнай қоры шектеулі болғандықтан, энергия қауіпсіздігі әрдайым өзекті. Ал кейінгі айларда Вашингтон енгізген қосымша шектеулер жағдайды тіптен күрделендіріп жіберді. Бірқатар ауданда су тапшылығы күшейіп, электр қуаты жиі өшірілетін болған.

Фелисия де ла Каридад Альварес, Гавана тұрғыны:

- Қазір бұл резервуарда су жоқ. Ал таза сусыз өмір сүре алмайсың ғой. Егер жергілікті билікке немесе су мекемесіне қайта-қайта хабарласпасақ, су таситын көлікті апталап күтуге тура келеді. Тіпті келген күннің өзінде бәріне бірдей жетпей қалатын кездер болады. Оның үстіне жарық та жиі өшеді. 

Дағдарыстан Куба экономикасының ең көп зардап шеккен саласының бірі – туризм. Осыдан бірнеше жыл бұрын аралға жыл сайын шамамен төрт миллион шетелдік турист келетін. Алайда биыл жыл басынан елге келген қонақтар саны 300 мыңнан сәл ғана асты. Бұған халықаралық рейстердің қысқаруы мен төлем жүйелерінің шектелуі себеп.

Джайран Ломбира, кафе менеджері:

- Қазір жағдай өте күрделі. Жанармай тапшылығынан Кубаға қатынайтын әуе рейстері азайып, туристер қарасы күрт төмендеді. Жанар-жағармай жетіспеушілігі такси қызметі мен жеке кәсіпкерлердің жұмысына, туристерді тасымалдау қиындады. Круиздік лайнерлер де бұрынғыдай жиі келмейді. Бұл кезінде елдегі туризм саласының негізгі бағытының бірі болған еді.

Динара Қуандыққызы, тілші

-Экономикалық қиындықтарға қарамастан, Куба билігі жағдайды тұрақтандыруға тырысып жатыр. Ел басшылығы АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсарту мүмкіндігін қарастыруда. Алдағы уақытта Кубада жаңа күн электр станциялары іске қосылып, ғимараттардың шатырларына 10 мың күн панелі орнатылады.