Иран Ормуздан неге пайда көре алмайды?

Мысыр Суэц каналы арқылы өткен кеткен кемелерден салық алып, қыруар пайда тауып отыр. Биылдыққа ел бюджетіне 4,6 млрд доллар қаржы түсті.

Жасанды су жолын Мысыр бір жарым ғасыр бұрын өздері салған, сол себепті өздері иелік етеді. Мемлекет каналды қалай басқарса да, еркі. Ал Иран Ормузға мұндай билік жүргізе алмайды. Бұғаз жұмысын шектеп, кеме иелерінен алым алуы халықаралық құқыққа қайшы. Бірақ Иран райынан қайтар емес. Құрама Штаттармен келіспеуінің де басты себебі осы. Ислам мемлекеті шартқа сәйкес, кемелер 60 күн бойы тегін өте алады, бірақ алдағы уақытта тұрақты түрде салық төлейді деп ескертті. 

Иран Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын уақытша шектеп қана қоймай, маңызды су жолына тұрақты бақылау орнатқысы келеді. Қалыпты жағдайда бұғаз арқылы күн сайын өтетін шамамен 130 кемеге салық енгізуге ниетті. «Бірақ бұл мүмкін емес», - дейді сарапшылар. Өйткені халықаралық құқыққа қайшы. Мәселен, Суэц каналын алайық. Ол арқылы өту үшін кеме иелері ақы төлейді. Өйткені бұл қолдан салынған жасанды канал әрі бір ғана мемлекеттің, яғни, Мысырдың аумағында орналасқан. Еуропаны Азиямен байланыстыратын маңызды сауда бағыты салынғанға дейін кемелер Африканы айналып өтуге мәжбүр болатын. Мысалы, Лондоннан Мумбайға дейін шамамен 20 мың шақырым жүріп өтетін. 1869 жылы канал ресми ашылған соң, қашықтық 8 мыңдай шақырымға қысқарды. Ал Ормуз бұғазының жайы бөлек. Бұл – табиғи су жолы. Солтүстігінде Иран, ал оңтүстігінде Оман мемлекетінің аумағына кіреді. 

Ания Нуссбаум, Bloomberg сарапшысы:               

- Суэц каналы арнасының ені небәрі 200 метрдей болады. Бұл жерден кемелер реттеуші органдардың талаптарын сақтамай немесе қажетті баж салықтарын төлемей өте алмайды. Ал Ормуз бұғазы Суэц және Панама каналдарынан әлдеқайда үлкен және оны бақылау қиынырақ. Оның ең тар деген жерінің ені шамамен 39 шақырымға жуықтайды.

Біріккен ұлттар ұйымының Теңіз құқығы туралы Конвенциясына сәйкес Ормуз бұғазы халықаралық бұғаз саналады. Онда барлық кемелер транзиттік өту құқығын пайдалана алады. Ал жағалаудағы мемлекеттер көлік қозғалысын тоқтата алмайды.

Суэц каналы Мысырға $4,6 млрд табыс әкелді

2025-2026 жылдары Суэц каналынан Мысыр бюджетіне түскен табыс 23%-ға артып, 4,6 млрд долларға жетті. Бұл туралы канал әкімшілігінің басшысы Усама Раби хабарлады. 2023 жылдың аяғында Йемендегі қарулы топ – хуситтер Қызыл теңіз аймағындағы кемелерді атқылай бастады. Салдарынан көптеген сауда кемесі Суэц каналына бас сұқпай, қайтадан Африкадағы Қайырымды Үміт мүйісі арқылы жүретін болды. Қазір каналға кемелер қайта оралып, жағдай біршама тұрақталғанымен, көрсеткіштер 2022-2023 жылдарғы рекордық деңгейден әлдеқайда төмен. Ол кезде каналдан 9,4 млрд доллар түскен еді. Суэц каналына әлемдік сауданың 12%-ы тиесілі. Мысыр үшін шетел валютасының маңызды көзі ретінде туризммен қатар тұр.

Ормуз бұғазының жайы не болады?

АҚШ пен Иран арасындағы жағдай әлі де шиеленісіп тұр. Кеше тараптар Дохада келіссөз жүргізіп, Ормуз бұғазының жайын талқылауға тиіс еді. Дональд Трамп Вашингтоннан арнайы делегация аттанғанын мәлімдеді. Алайда Тегеран "келіссөзге қатыспаймыз" деді. Тақауда қол жеткізілген 14 тармақтан тұратын аралық келісімде Иран коммерциялық кемелердің Ормуз арқылы қауіпсіз өтуін 60 күн ғана тегін қамтамасыз ететіні жөнінде айтылған. Ал алдағы уақытта салық енгізуге ниетті. Бұл мәселені Ислам мемлекеті Оманмен талқылайды. Жалпы Ормуз бұғазындағы қозғалысты бөлудің негізгі бағыты Ираннан гөрі Оман сулары арқылы өтеді. Бұл Халықаралық теңіз ұйымы қозғалысты қауіпсіз реттеу үшін бекіткен бағыттар. 

Казем Гарибабади, Иран СІМ министрінің орынбасары:

- Иран Оманмен Ормуз арқылы өтетін кемелерді бақылау туралы келісім жасағысы келеді. Егер қандай да бір себептермен Оман бұған қызығушылық танытпаса, Иран Ислам Республикасы өз бетінше әрекет етеді. Біз омандықтарға басқа елдердің бұл мәселеге араласуға құқығы жоқ екенін ескерттік. Біздің мемлекет бұғаздағы кез келген уақытша транзиттік бағыттарды анықтайды.

Оман билігі өз тарапынан Ормуз бұғазына бақылау орнатып, кемелерден алым алуға қарсы екенін жеткізді. Өзге мемлекеттер де бұған көне қоймасы анық. Қазір Иран Ормуз бұғазын экономикалық қысым көрсетудің құралы ретінде пайдаланып отыр. "Бірақ уақытша шектеу мен тұрақты бақылау екі бөлек дүние. Сондықтан Ислам мемлекеті мақсатына жетуі екіталай. Бұл теңіз логистикасы мен еркін кеме қатынасына нұқсан келтіреді", - дейді сарапшылар.