Париждегі мәйітханаларда орын жоқ
Францияда бұрын-соңды болмаған ыстық, шекеден өтіп барады. Әсіресе ауру-сырқау жандарға қиын тиіп тұр.
Париждің өз басында өлім-жітім көбейіп, мәйітханалар лық толды. «Жерлеу қызметіндегі мекемелер үлгермей жатырмыз», - дейді.
Ыстық Париж ғана емес, тұтас Еуропаны шарпып тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы-ның дерегі бойынша, аймақта жылу қарқыны жаһандық орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Бір ғана Франция аумағында бір аптада 1400 адамның өліміне ыстық себеп болған.
Париждегі мына нысанда мәйіт қоятын 32 суық камерасы бар. Десе де қазір мұның өзі жеткіліксіз. Сондықтан мәйітхана иесі: «Аулаға қосымша мұздатқыш контейнерлер орнатуға рұқсат сұрадық. Алайда жергілікті биліктен әзірге жауап жоқ», - дейді.
Зухаейр Хертелли, мәйітхана иесі:
- Телефоныма тыным жоқ. Күніне жүзден аса адам хабарласады. Алайда бәріне «жоқ» деуге мәжбүрмін. Өйткені орын жоқ. Амалы таусылған соң, қазір көбі мәйіт бұзылып кетпесін деп, бірден табытқа салып сақтайды.
Қазір шаһардағы мәйітханалардың ешқайсысынан орын табылмайды. Сондықтан кейбірі мәйіттерді Парижден 80 шақырым жерде орналасқан Шартр қаласына апарып қоюға мәжбүр. Францияда бір аптада ми қайнатар ыстықтан 1400 адам көз жұмды. Алайда бұл тек жедел-жәрдем қызметіне жүгінгендер мен ауруханаларда тіркелген өлім-жітім саны. Ал қарттар үйлерінің деректері әзірге толық жарияланған жоқ.
Вероник Бертран, жерлеу компаниясының директоры:
- Компаниямыз үлкен емес. Бұрын күніне әрі кетсе 4-5 адамды жерлейтінбіз. Қазір адам өлімі әдеттегіден екі-үш есе көп. Марқұмдардың денелерін қайда жерлейтінімізді білмейміз.
Қайтыс болғандардың 85 пайызы – 65 жастан асқан азаматтар. Өкініштісі сол, өмірінің соңғы сәттерінде қарттардың көбінің қасынан ешкім табылмаған.
Вероник Бертран, жерлеу компаниясының директоры:
- Адамдар осы жағдайдан сабақ алуы керек. Дәл мұндай аптап ыстық 2003 жыла да болған еді. Сол кезде адамдар қуаты қайтып, қартайған көршілерінің үйіне барып, жағдайын біліп тұратын. Қазір жанашырлық дегенді мүлде ұмытқан сияқтымыз.
Ал, климаттың өзгеруінен Еуропада өлім-жітім артуы мүмкін. Ғасыр аяғында аптап ыстықтан «кәрі құрлықта» 2 млн адам көз жұмады деген болжам бар. «Сондықтан алдағы жылдары Париждегі жағдай бұдан да қиындай түсуі мүмкін», - дейді мамандар.
Авторы: Зайнұр Байжігіт