Қытайда Ұлттық домбыра күнін атап өтті
Қара домбыра Қытайда да ұлықталды. Көрші елдің астанасында «Домбыра пати» ұйымдастырылды. Мерекелік іс--шара барысында қазақ пен қытай балалары бірлесіп бірнеше күй шертті.
Ашық аспан астында Құрманғазының, Абайдың, Әбдімомын Желдібаевтың шығармалары мен халық күйлері орындалды.
Биыл Ұлттық домбыра Бейжіңді қақ жарып өтетін Ляңмахэ өзенінің бойында күмбірледі. Бұл өзен 20 миллоннан астам халқы бар шаһардағы адам ең көп жиналатын орындардың бірі. Қазақстанның мәдениет орталығының қызметкерлері арнайы осы жерді таңдапты.
Талант Оңғаров, Қазақстанның Қытайдағы Мәдениет орталығы директорының орынбасары:
- Көп адам қызығушылық танытып, бұл екі шекті қандай аспап деген де сұрақтар қойып жатыр. Осылай бүгін домбыраның сиқырлы дыбысы Қытай жұртшылығына жақсы көңіл-күй сыйлады.
Ұлттық аспапты ұлықтауға арналған шара өзен бойын көпшіліктің басын қосқан мәдени алаңға айналдырды. Қазақ халқының бай музыкалық мұрасы таныстырылып, насихаттауға мүмкіндік туды. Оған қазақстандық және қытайлық жас домбырашылар, студенттер, жергілікті тұрғындар, Қытайдағы қазақ диаспорасының өкілдері де қатысты.
Лю Хуэй, Бейжің Ұлттық аспаптар оркестрінің әртісі:
- Бұл іс-шара дәстүрге айналды. Биыл да қатысып отырғаныма қуаныштымын. Осы жолы өзіммен бірге 9 шәкіртімді алып келдім. Қытайлық балалар домбыраны өте жақсы көреді. Оның үні рухани ләззатқа бөлейді. Жандарына жақын. Сондықтан да үйренуге деген қызығушылықтары жоғары. Қазір мен 30 шәкірт тәрбиелеп жатырмын.
Чжао Чжоу Жың, Бейжің қаласының тұрғыны:
- Домбыраға қызығушылығым қазақ әндерін тыңдаудан басталды. Қазақ әндерінің ішінде домбырамен сүйемелдеу өте жиі кездеседі. Бұл аспаптың үні адам жанын тыныштандырады. Көңіл-күйге жұбаныш беретіндей әсер қалдырады. Қазір мен Еркесылқым мен Адай күйлерін тартып үйреніп жүрмін.
Домбыраның қоңыр үні көпшіліктің назарын аударды. Адамдар аялдап акция қатысушыларымен әңгімелесті. Тоқтап телефондарына түсіріп жатты. Тыңдап тебіренгендері де болды. Тіпті аспап туралы сұрап, мәдениет орталығындағы үйірмеге қатысуға ниет білдіргендер де табылды.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы