Әлемдік нарықта мұнай арзандады
Әлемдік нарықта мұнай бағасы біртіндеп арзандап жатыр. Мұның алдында ОПЕК+ елдері қара алтын өндіру көлемін ұлғайтуға келіскен еді.
Ұйым тарапынан тамыз айында тәулігіне қосымша 188 мың баррель мұнай өндіріледі. Қазір Brent маркалы қара алтынның бір баррелі шамамен 71,86 АҚШ долларына саудаланып жатыр. Бірақ баға әлі де құбылмалы. Оған АҚШ пен Иран арасындағы келісімдер, әсіресе Ормуз бұғазындағы қозғалыстың қалпына келуі тікелей әсер етіп отыр.
Әлемдік нарықта бірнеше апта бойы мұнай тапшы болса, қазір керісінше тым көп өндіріле бастады. Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақталуы, экспорт бағыттарының қайта ашылуы және ірі өндірушілердің өндірісті ұлғайтуы әлемдік нарыққа қосымша мұнай көлемін шығарды. Ал сұраныстың әлсіреуі бағаға қысым жасап отыр. Парсы шығанағындағы жетекші мұнай өндірушілер өндіріс көлемін жедел арттыра бастады. Сауд Арабиясының экспорты Ормуз бұғазы арқылы танкерлер қозғалысының қалпына келуімен соғысқа дейінгі деңгейге жақындады. Біріккен Араб Әмірліктері де мұнай жеткізілімдерін біртіндеп қайта көбейтіп жатыр. Сонымен қатар, бірнеше апта ішінде бұрын нарыққа шыға алмай тұрған 60 миллион баррельден астам мұнай қайтадан айналымға түсті. Ұзақ уақыт бойы АҚШ санкцияларының шектеуінде болған Иран мұнайы да халықаралық сатып алушылар үшін қазір қолжетімді. Бірақ нарықтағы басты мәселе енді мұнайдың жетіспеуі емес. Керісінше, ұсыныстың жылдам артуы мен сұраныстың баяулауы бағаның төмендеуіне әсер етіп отыр. Осы аптада Morgan Stanley мен Goldman Sachs сарапшылары мұнай нарығында келесі жылы ұсыныс көлемі сұраныстан асып кетуі мүмкін екенін ескертті. Ал Citigroup болжамына сүйенсек, жыл соңына қарай Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 60 долларға дейін төмендеуі мүмкін.
Джованни Стауново, UBS банкінің сарапшысы:
- Алдағы уақытта негізгі назар екі мәселеге аударылады. Яғни Ормуз бұғазы арқылы қанша мұнай танкері өте алатынына және Қытайдың мұнайға деген сұранысы пен импорттың қаншалықты жылдам қалпына келетініне байланысты. Сонымен қатар мұнай жеткізілімі біртіндеп қалыпты деңгейге оралады деген сенім нарықтағы қысымды азайтты.
Бірақ бұрын мұнай тапшылығынан қауіптенген әлем енді артық ұсынысты қалай теңестіреді? Сарапшылардың болжамына сүйенсек, алдағы айларда негізгі рөл Қытайға тиесілі болмақ. Өйткені әлемдегі ең ірі мұнай импорттаушы елдің сатып алу көлемі бұрынғыдай жоғары емес.
Қытай мұнай импортын азайтты
Қытайдың мұнай нарығындағы белсенділігі бәсеңдеді. Былтыр бұл ел өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнайды өте көп мөлшерде сатып алып, қорын барынша толтырған еді. Ол кезде импорт көлемі күніне 11,6 миллион баррельге жетті. Ал қазіргі болжамдарға сүенсек, биыл Қытайдың шикі мұнай импорты орта есеппен күніне небәрі 10,9 миллион баррель болуы мүмкін. Бұл – 2022 жылдан бергі жылдармен салыстырғандағы ең төменгі орташа көрсеткіш. «Егер Қытай тарапынан сұраныс айтарлықтай қалпына келмесе, артық ұсынысты одан әрі күшейтеді», - дейді сарапшылар. Қытайдың мұнайды жаппай сатып алуы әлемдегі артық шикізатты жұтып, жаһандық бағаның құлдырап кетпеуіне тірек болған еді. Енді сол толық қоймалар керісінше жұмыс істеп жатыр. Қордың көптігі нарықтағы сұранысты азайтып, бағаның одан әрі шарықтауына жол бермей отыр.
Наташа Канева, JPMORGAN CHASE & CO компаниясының Шикізат нарықтарын зерттеу бөлімінің басшысы:
- Бірнеше ай бойы нарықтан тыс қалған мұнай қайта айналымға түсіп жатыр. Бұл ұсыныстың уақытша артуына әкелуі мүмкін. Соның салдарынан мұнай көлемі уақытша көбейіп, артық ұсыныс пайда болуы мүмкін. Қазір Ормуз бұғазы арқылы келетін мұнайдың ең ірі тұтынушысы – Қытай. Алайда Қытай бұрынғыдай көп мұнай сатып алмай отыр.
Мұнайға сұраныс азайды
АҚШ-тың Мексика шығанағы жағалауындағы жерасты стратегиялық қоймаларынан мұнай әлі де апта сайын миллиондаған баррель көлемінде шығарылып жатыр. Бұл әлемдік мұнай дағдарысының салдарын азайту мақстаындағы, жалпы көлемі 400 миллион баррель болатын рекордтық стратегиялық қор босату бағдарламасының бір бөлігі. Нарықтағы ұсыныстың артқанын мұнай тасымалының ерекше бағыттарынан да байқауға болады. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінен жөнелтілген мұнай АҚШ-қа дейін жеткізіліп, тіпті Гавай аралдарындағы сатып алушыларға ұсынылып жатыр. Ал Венесуэла мұнайын тиеген бір танкер Үндістан жағалауына дейін 10 мың мильден астам жол жүріп, екі аптадан бері сатып алушысын күтіп отыр. Конго Республикасында өндірілетін Jeno маркалы мұнай да Brent бағасынан бір баррельге 14 долларға дейін төмен жеңілдікпен ұсынылғанына қарамастан, әзірге сатып алушы таппай отыр. Бұл жағдай әлемдік мұнай нарығында ұсыныс көлемінің уақытша сұраныстан асып кеткенін көрсетеді.
Қазір нарықта мұнай бағасының арзандауы байқалады. Бірақ алда жағдай ОПЕК+ шешімдеріне, Қытайдың мұнайға деген сұранысына және Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты болмақ.