59 елдегі операция: Интерпол адам саудасына қатысты мыңнан астам күдіктіні ұстады
59 елдің құқық қорғау органдары қатысқан халықаралық «Global Chain» операциясы барысында адам саудасына байланысты мыңнан астам күдікті ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл туралы Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы – Интерпол мәлімдеді.
Арнайы операция 8-12 маусым аралығында Африка, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Азия және Еуропа елдерінің қатысуымен өтті. Негізгі мақсат – адамдарды қанауға бағытталған халықаралық қылмыстық желілердің қызметін анықтау және олардың жолын кесу.
Операция аясында құқық қорғау органдары адам саудасымен айналысып, адамдарды жыныстық қанауға, мәжбүрлі еңбекке, қылмыстық әрекеттерге және қайыр сұрауға мәжбүрлеген топтарды анықтауға бағытталған тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тексерулер халықаралық шекара бекеттерінде, әуежайларда, көлік тораптарында, сондай-ақ бұған дейінгі тергеулер барысында күдікке ілінген өзге де орындарда ұйымдастырылды.
Мыңнан астам күдікті ұсталды
Интерпол мәліметінше, операция нәтижесінде адам саудасына қатысы бар деген күдікпен 334 адам ұсталған. Сонымен қатар осы қылмысқа байланысты өзге де құқық бұзушылықтар бойынша тағы 690 адам қолға түскен.
Қазіргі уақытта:
- адам саудасына қатысты 465 қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр;
- 2070 адамның адам саудасының ықтимал құрбаны болғаны анықталған.
Анықталған жәбірленушілер 45 мемлекеттен шыққан. Олардың арасында Аргентина, Колумбия, Венесуэла, Молдова және Непал азаматтары көп кездеседі.
Интерполдың мәліметінше, көптеген адам алдау, мәжбүрлеу немесе олардың осал жағдайын пайдалану арқылы шетелге шығарылған. Қылмыстық топтар адамдарды көбіне жұмысқа орналастыру туралы жалған ұсыныстар арқылы арбаған.
Кәмелетке толмағандар да зардап шеккен
Операция барысында анықталған құрбандардың шамамен 10 пайызын Америка елдерінен шыққан, жыныстық қанауға ұшыраған кәмелетке толмағандар құраған.
Барлық анықталған жәбірленушілер ұлттық қорғау және қолдау қызметтеріне тапсырылды. Оларға қажетті көмек көрсету шаралары ұйымдастырылған.
Қылмыстық желілердің әдістері өзгеріп келеді
Интерпол адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың жұмыс тәсілдерін үнемі өзгертіп отыратынын атап өтті.
Қазір қылмыскерлер адамдарды көбіне шетелде жоғары жалақылы жұмыс ұсыну арқылы алдайды. Кейін оларды Еуропа елдерінде мәжбүрлі еңбекке, ал Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде түрлі заңсыз әрекеттерге тартатын жағдайлар жиілеп отыр.
Халықаралық ұйым адам саудасына қарсы күресте елдер арасындағы ынтымақтастықты күшейту маңызды екенін атап өтті. «Global Chain» операциясы осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдың нәтижелерінің бірі болды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз