Қытайда тасқыннан 55 мың адам зардап шекті
Қытайды Мейсак тайфуны жайпап барады. Толассыз жауған нөсер салдарынан өзен, көлдер тасып, бірнеше су қоймасының бөгетін бұзып кетті.
Зардап шеккендер саны сағат сайын өсіп жатыр. Кейінгі ресми дерекке сәйкес 55 мың адам зардап шегіп, екі адам опат болған.
Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында жағдай аса күрделі. Люлань мен Юньбяо су қоймалары бұзылып бірнеше қала су астында қалды. Жұрт үйлерін тастап бас сауғалауға мәжбүр. Бүгінгі күнге дейін 48 мың адам қауіпсіз жерге көшіп үлгерді. Бірақ тасқын судың құрсауында қалып қойғандар әлі де бар.
Вэй Цзян, Наньнин қаласы мэрінің орынбасары:
- Наньнин қаласы нөсер жауыннан қатты зардап шегіп отыр. Толассыз жауын-шашын су қоймаларының тасуына алып келді. Екі бөгет бұзылып Юньбяо мен Хэнчжоу шаһарларын су басты. Қазір барлық құрылым құтқару жұмыстарына жұмылдырылып жатыр.
Мыңдаған тұрғын үй мен автокөлікті су шайып кеткен. Ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымға келген шығын орасан. Теміржолдар мен автомагистральдер жабық. Жүк көліктері жол бойында қаңтарылып тұр. Қазір елдің оңтүстігіндегі бірнеше қала мен елдімекен қауіпті жағдайда. Жергілікті жерде төтенше жағдай жарияланды.
Вэй Цзян, Наньнин қаласы мэрінің орынбасары:
- Нақты айту қиын. Дәл қазіргі уақытта су қоймасының төменгі жағында орналасқан қала мен елдімекендерде шамамен 55 мың адам зардап шекті деген мәлімет бар. Қоғамдық қауіпсіздік органдарына опат болғандар туралы ақпар түсіп жатыр. Құтқару шаралары әлі да жалғасуда.
Елдің солтүстік-шығыс бөлігінде де жағдай мәз емес. Өзендер арнасынан шығып біраз елдімекенді шайып кетті. Толассыз жауыннан таулы аймақтарда сел жүру қаупі туралы дабыл қағылды.
Чэнь Босю, Наньпань ауылының тұрғыны:
- Өңірімізде 7 аудан қауіпті деп саналатын. Алдын ала оқу-жаттығу шаралары өтіп тұратын. Алайда бұл жолғы тасқын жойқын болды. Оның үстіне бәрі түнгі уақытта болған соң жұрт абдырап қалды. Алғашқы күні тек біздің ауылдан 122 адам құтқарылды.
Мэйсак биылдыққа елде тіркеліп отырған оныншы тайфун. Жойқын дауылдың құрлықта соғып тұрғанына бірнеше күн болды. Дүлей желмен бірге жаңбыр селдетіп жолындағының бәрін жайпап барады. Жергілікті синоптиктер қазіргідей ауа райы тағы бірнеше күн сақталады деп болжап отыр.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы