АҚШ Түркияға F-35 ұшағын сатуға ниетті
НАТО елдері қайтадан күш біріктіруге ниетті. Ұйым қорғаныс технологияларын дамытуға 50 миллиард АҚШ долларын бөледі.
Бұл туралы Түркияда өткен жиында белгілі болды. Осыған дейін Альянсқа мүше елдердің арасы суып, бір-біріне тағар сыны көбейген еді. АҚШ тіпті ұйымнан шығуға да бейіл болды. Дегенмен, геосаяси тартыс ушыққан тұста шекара қауіпсіздігін нығайтып, бес қаруды сайламасқа болмайды. Саммитте Газа секторы, Ливан, Иран, Ормуз бұғазындағы текетерістер, Украина мен Ресей қақтығысы талқыланып, ұйым өз ұстанымын тағы бір мәрте пысықтап алды. Иә, келісіп пішкен тон келте болмайды. Сонымен тараптар қандай уағдаластық жасады? НАТО-ның келешегі қандай?
АҚШ Түркияға F-35 ұшағын сатуға ниетті
НАТО-да әскери күші басым екі ел АҚШ пен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастық қайта жандануы мүмкін. Вашингтон Анкараға F-35 жойғыш ұшағын сатуға ниетті. Құрама штаттар 2019 жылы Түркияға Ресейден С-400 әуе қорғанысы жүйесін сатып алғаны үшін қарсы санкциялар енгізген еді. Сөйтіп F-35 бағдарламасынан шығарған болатын. Кейін АҚШ Конгресі Анкара С-400 кешендерін пайдалануды тоқтатпайынша, Түркияға жойғыш ұшақтарын сатуға заң жүзінде тыйым салды. Вашингтон құпия технологиялар мен радиолокациялық сипаттамалар таралуы мүмкін деп қауіптенеді. Бұл мәселе бойынша түрік басшысы оң шешім қабылдануы мүмкін екенін айтты. Өйткені бұл тақырып осыған дейін бірнеше мәрте талқыланған.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:
- Жалпы Трамп мырзаның Түркияға көзқарасы өте жақсы. Енді F-35 ұшағын біздің елге әкелетін болса, мұны бүкіл әлем АҚШ ақыр аяғы уәдесінде тұрды деп айтатын болады.
Иран мәселесінде НАТО елдерінен көңілі қалған Трамп, Түркияның басқа мемлекеттерге қарағанда көбірек көмектескенін айтады. Осы үшін де Түркияға қатысты барлық санкцияларды алып тастауды жоспарлап отыр.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Бұл саммиттің Түркияда өткеніне өте қуаныштымын. Президент Режеп Тайп Ердоғанға ерекше алғысымды білдіремін. Ол расымен Ұлы әрі мықты тұлға. Сондай-ақ әскери әлеуеті мықты елді басқарып отыр. Әрі көп мәселеге салмақты көзқараспен қарайды. Израильге қатысты көзқарасы да бейтарап. Бұл соғысқа ойланбастан араласар еді, бірақ менің өтінішім бойынша қалыс қалды.
Осы тұста АҚШ-тың ұсынысына Израиль премьер-министрі қарсылық білдірді. Биньямин Нетаньяху Түркия басшысымен мүдделері тоғыспайтынын алға тартады. Сондай-ақ Түркия АҚШ-тың одақтасы емес, оның мақсаты Израильдің көзін жою деп есептейді. Бұл жөнінде ол Трампқа ойын ашық білдіріп, Анкарадағы шешімі Таяу Шығыстағы тепе-теңдікті бұзатынын айтты.
НАТО-да мыңнан аса F-35 жойғыш ұшағы бар
F-35 – тек жойғыш ұшақ қана емес. НАТО үшін ұзақ мерзімді қорғаныс стратегиясының маңызды бөлігі. 1990 жылдардың басында АҚШ Қорғаныс министрлігі Қарулы күштердің үш түріне арналған жауынгерлік ұшақтарды жаңғырту бағдарламасын іске қосты. 2001 жылы бұл бағдарламаға НАТО-ның жеті елі – Ұлыбритания, Нидерланд, Италия, Канада, Дания, Норвегия және Түркия қосылды. Сөйтіп ондағы кәсіпорындар F-35 ұшағына арналған бөлшектерді әзірлеу және өндіру мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде одақтас сегіз елдің барлығы алғашқы сынақ ұшағына орнатылған бөлшектерді өндірді. Мұны бүгінге дейін жалғастырып келеді. Қазірде НАТО Қарулы күштерінде шамамен мыңнан астам F-35 ұшағы бар.
НАТО қорғанысын нығайтады
Қорғаныс мығым болуы үшін алдымен бес қаруды сайлап алу керек. НАТО қорғаныс технологияларын дамытуға 50 миллиард доллар бөлмек. Бұл қаражат әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен дрондар сатып алуға, қару-жарақ пен соғыс техникасы бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға жұмсалады. Ұйым алдағы бес жыл ішінде ұшқышсыз басқарылатын аппараттарға қарсы іс-қимыл құралдарын дамытуға 40 млрд доллар инвестиция бөледі. Сонымен қатар келер жылы НАТО дрон операторларын даярлау көлемін бес есе арттыруды көздеп отыр.
Алдағы 10 жылда НАТО-ға мүше елдер өздерінің жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын қорғанысқа жұмсауға тиіс. Ал былтыр 2 пайызын жұмсау жөніндегі меже орындалды.