Аптап ыстықтан күріш алқаптары қурады

Аптап ыстық ауыл шаруашылығы саласына да кесірін тигізіп отыр. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, биыл әлемдік астық өндірісі былтырғымен салыстырғанда шамамен 2%-ға төмендеуі мүмкін.

Оның үстіне Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан егін шаруашылығы аса тәуелді отын мен тыңайтқыштардың қымбаттағаны тағы бар. Қазірдің өзінде Италияда күріш алқаптары қурап жатыр, ал Францияда жүгері кейінгі жарты ғасырдағы ең төмен өнім беруі мүмкін. Ресейдің Дон-Азов каналы арқылы кеме қатынасын уақытша тоқтауы да жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.

Жүгері түсімі кемуі мүмкін

Биыл Еуроодақта жүгері түсімі төмен болайын деп тұр. Сарапшылардың болжамына сәйкес, өндіріс көлемі 50 млн тоннадан сәл асуы мүмкін. Бұл 2007 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Мамандардың айтуынша, бұған, негізінен, Франция, Испания, Венгриядағы аптап ыстық себеп. Франция жұрты мамыр айының соңынан бері аптаптың үшінші толқынын басынан өткеріп жатыр. Сол себепті жүгері алқаптарындағы жағдай күрделі. Биыл елде дақылдың бұл түрі кейінгі жарты ғасырдағы ең төмен өнім береді деген қауіп бар. Шаруалар мен сала сарапшылары егін түсімі небәрі 9 млн тоннаға жуықтайды деп болжайды. 

Франк Лаборд, AGPM ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер тобының жетекшісі:

- Францияның батысындағы кейбір фермерлер суарылмайтын алқаптардағы жүгеріні дәні толыспай жатып, мал азығы ретінде сақтап қалу үшін орып жатыр. Жүгері өндірушілер қауымдастығы өндіріс көлемі 30%-ға, яғни, 9,5 миллион тоннаға дейін төмендейтінін болжады. Бұл - кейінгі жүз жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Егінді ерте жинау астық алқаптарының көлемін одан әрі қысқартады.

Аптап ыстықтан күріш алқаптары қурады

Аптап салдарынан Италиядағы күріш өсірушілерге де оңай болмай тұр. Кәрі құрлықтағы жетекші күріш өндіруші ел Италия  По өзеніне тәуелді. Алайда мамыр айынан бастап температура күрт көтеріліп, жауын-шашын азайғандықтан, Павия ауданындағы күріш алқаптары қурап жатыр. Бұл - По өзенінің құнарлы алқабындағы маңызды тарихи, сауда және ауыл шаруашылығы орталығы. Қазір мұнда өнім көлемінің күрт төмендеу қаупі бар. Жергілікті шаруалар 2022 жылғы қуаңшылыққа қайта тап боламыз ба деп қауіптенеді. Ол кезде Тичино егістіктері өнімнің 70 пайызынан айырылып, қыруар шығынға ұшыраған еді. Үкімет қабылдап жатқан шаралардан нәтиже болмай тұр. Ал фермерлер басты мәселе қоймалардағы судың жеткіліксіздігі екенін алға тартады.

Джанлуиджи Таччини, диқан:

- Мамыр айының басынан бері мұнда жаңбыр жауған жоқ. Тіпті көлдердің өзі құрғап қалды. Жағдай түзеліп, осы айдың соңына қарай егінді аман сақтап қалатын жаңбыр жауады деп үміттенеміз. Әйтпегенде, 2022 жылғы қуаңшылық қайталанатыны сөзсіз және бүкіл күрішіміз қурап, жойылып кетеді.

Еуропада бидай қымбаттады

2026-2027 жылдары бидайдың әлемдік өндірісі 806,5 млн тоннаға дейін төмендейді. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 4,3%--ға аз. Негізгі себеп – Австралиядағы күн райының қолайсыздығы. Әйтсе де, әлемде астық қоры жеткілікті - 957,8 млн тонна бар. Рейтер агенттігінің мәліметіне сүйенсек, өткен аптаның аяғында Ресей Дон--Азов каналы арқылы кеме қатынасын уақытша тоқтатты. Бұл Дон өзені мен Азов теңізін жалғайтын су жолы. Ресей әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушы мемлекет. Шет елдерге жөнелтілетін астықтың 25%-ы Азов теңізі арқылы өтеді. Ресейдің ірі астық өндіруші аймақтары Ростов және Краснодар дәл осы теңіздің бойында орналасқан. Каналдағы кеме қатынасының тоқтайды деген жаңалықтың шығуы сол-ақ еді, Euronext биржасында бидай құны 4%-ға қымбаттады. 

Максимо Тореро, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас экономисі:

- Әлемдік азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығы түрлі дағдарыстарға бейім келеді. Мәселен, күн райы құбылыстары, экономикалық және қаржылық дүрбелеңдер, геосаяси қақтығыстар және отын бағасының шарықтауы. Мұндай іркілістер жүйелі сипатқа ие болуы мүмкін. Мемлекеттер арасындағы өзара байланыс дағдарыстармен күресті күшейтеді. Азық-түлікті көптеген сауда серіктестерінен сатып ала алатын елдер, әдетте, мұндай күйзелістерге төзімді келеді. Ал ірі өндірушілер өздерінің ішкі нарықтарын қорғау үшін экспортқа шектеулер енгізген кезде әлемдегі азық-түлік тұрақсыздығы артады.

Әлемде тыңайтқыш тапшы

Жүгері, бидай және күріш – азот тыңайтқыштарына тәуелді дақылдар. Ал Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан азот тыңайтқыштарының әлемдік көлемі 30%-ға азайды. Сондай-ақ тыңайтқышты өндіруге қажетті тағы бір маңызды компонент – күкірттің жартысына жуығы Парсы шығанағынан экспортталады. Ормуз бұғазы толығымен ашылғанның өзінде, табиғи газ бен тыңайтқыш өндірісінің қақтығысқа дейінгі деңгейге қайта оралуына айлар, тіпті, жылдар қажет. Бағаның Үндістан, АҚШ және Австралияда егіс науқаны басталған кезде шарықтағаны жағдайды қиындатты. Ел тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Үндістан азот тыңайтқыштарын жоғары бағамен өте көп көлемде сатып алды. Ал Австралия фермерлері бидай егісінің көлемін қысқартуға мәжбүр. Өйткені тыңайтқышқа жұмсалатын шығынның өтелуі екіталай.

Сарапшылардың айтуынша, жазғы аптап ыстық пен тыңайтқыш тасымалы тізбегіндегі кедергілер ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығын ушықтырып, жыл соңына қарай азық-түлік бағасының қымбаттауына себеп болуы мүмкін. Бұл тұрғыда әсіресе Африка елдеріне үлкен қауіп төніп тұр.