АҚШ-та саяхатшылар саны азайды

Жаздың ұзарып, күннің ысуы бір есептен туристерді көбейтеді. Алайда АҚШ-та жағдай керісінше. 

Былтырғымен салыстырғанда елге келген шетелдік саяхатшылар саны шамамен 4 миллионға азайған. Осының салдарынан құрама штаттарда туризмнен түскен табыс 8 миллиард доллардай қысқарды. Сарапшылар мұны экономикалық ахуал ғана емес, мемлекеттің халықаралық имиджі, саяси риторикасы және елге кіру талаптарының қатаюымен байланыстырады. Туристер Америкадан теріс айнала бастауына тағы не себеп? 

АҚШ-қа келетін шетелдік туристер саны азайып барады. Саяхатшылар Американың орнына басқа бағыттарды таңдайтын болған. Әсіресе Канададан келетін туристер саны күрт төмендеді. Былтыр бұл елден АҚШ-қа барған саяхатшылар 4 миллион адамға азайды. Ұлыбритания, Германия, Үндістан және Франциядан келушілер саны да қысқарды. Сала мамандары бұған геосаяси жағдай мен виза алу тәртібінің қатаңдатылуы әсер еткенін айтады.

Анна Мари Пресутти, «San Francisco Travel» ұйымының бас директоры:

- Соғыс туристер ағынына әсер етпей қоймады. Виза алу да қиындай түсті. Осының салдарынан адамдар АҚШ-қа сапарлауға сақтықпен қарай бастады. Әдетте азаматтар саяхатқа шықпас бұрын елдегі ахуалды ескереді. Сондықтан таңдау болған жағдайда басқа бағыттарға басымдық береді.

АҚШ-қа баруға деген қызығушылықтың төмендеуіне елге кіру талаптарының күшеюі де әсер еткен. Дональд Трамп әкімшілігі Куба, Венесуэла және Түрікменстанды қоса алғанда жеті елдің азаматтарына шектеу енгізгені мәлім. Жаңа талаптар туристерге ғана емес, АҚШ-тағы жақындарымен қауышқысы келген адамдарға да қиындық туғызды. 

Алексис Херардо Альварес Диес, Куба тумасы, грин карта иегері:

- Әйелім мен ұлымды өзімнің жаныма алдыру үшін құжат тапсырған едім. Десе де енді олар виза ала алмайды. Сондықтан жақын арада кездесе алмайтын түріміз бар. 

Туристер ағынының азаюына шекарадағы қатаң бақылау мен баспана жалдау құнының өсуі де себеп болған. «Ал бұл үрдіс сақталса, АҚШ қазынасы туризмнен түсетін 90 млрд доллар кірістен қағылуы мүмкін», - дейді сарапшылар. 

Джульетта Кайем, CNN ұлттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы:

- Бұрын АҚШ көптеген елге үлгі болатын. Алайда қазір жағдай өзгерді. Әлем бұрынғыдай Америкаға қарамайды. Көпшілік бұл елдің әлемдегі ықпалы әлсіреп, өз ішінде де демократияға қатысты мәселелер көбейгенін байқап отыр.

АҚШ Ұлттық туризм және саяхат басқармасының болжамынша, елге келетін шетелдік туристер саны пандемияға дейінгі деңгейге тек 2029 жылы ғана жетеді. Демек елдің туризм саласы бұрынғы қарқынына оралу үшін әлі бірталай уақыт керек.

Авторы: Динара Қуандыққызы