Кариб теңізінің жағасын балдыр басып жатыр

Мексикадағы Кариб теңізінің жағасын балдыр басты.

Табиғаттың бұл құбылысы ел экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр деп хабарлайды "Рейтер" агенттігі. Мамандар жыл аяғына дейін жағаға 119 мың тонна балдыр жиналуы мүмкін дейді. Былтыр оның көлемі 96 мың тоннаға жеткен еді. Күн көзінде ұзақ жатып шіріген өсімдік жағымсыз иіс шығарады. Осының кесірінен туристік аймақтағы ең танымал орындар жабылып жатыр. Ғалымдар балдырдың көбеюіне аптап ыстық әсер етіп отыр дейді. Жергілікті билік төтенше жағдай жариялап, балдырмен күреске қомақты қаржы бөлуге мәжбүр. Жылдық шығын 150 миллион долларға жетеді дейді мамандар. Сонымен қатар теңіз ғалымдары балдырлар су астындағы өсімдіктерді күн сәулесінен айырып, экологиялық қауіп төндіріп тұрғанын ескертеді.