Криштиану Роналду киноға түседі
Әлем футболының жұлдызы Криштиану Роналду бұдан былай әлем чемпионаттарына қатыспайтынын мәлімдеп, жанкүйерлерін жаңа қырынан таңғалдырды. Спортшы продюсер атанып қана қоймай, британиялық «Day 1s» сериалында актер ретінде бақ сынамақ, деп хабарлайды «24KZ» The Sun басылымына сілтеме жасап.
Драма жанрында түсіріліп жатқан бұл жобаға комедиялық элементтер де қосылған. Қазіргі таңда сериалдың түсірілім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Роналдумен бірге экранға «Арсеналдың» бұрынғы шабуылшысы Тьерри Анри және «Миллиарды» мен «Родина» сериалдарының жұлдызы, британдық актер Дэмиэн Льюис шығады.
Жаңа шоуды UR•Marv Studios компаниясы түсіруде. Бұл студияны атақты футболшы өзінің әріптесі, «Кингсман» фильмдерімен танымал режиссер Мэттью Вонмен бірге басқарады. Сериалдың режиссерлік тізгінін де Мэттью Вонның өзі ұстаған.
Криштиану алаңда мен ешқашан жаза алмайтын тарихтарды жасады, енді онымен бірге шабыттандыратын фильмдер түсіруді асыға күтемін, – дейді режиссер The Sun басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұл – Роналдудың көркем фильмдегі алғашқы тәжірибесі. Бұған дейін ол анимациялық мультсериалдарды дыбыстап, деректі фильмдер мен жарнамаларда ғана көрінген болатын.
«Day 1s» спорттық драмасы заманауи футбол бизнесінің сырт көзге көрінбейтін тыныс-тіршілігі туралы баяндайды. Сюжеттің орталығында ықпалды британдық футбол агенті Стэнли Далтон тұр.
Дәстүрлі футбол фильмдері сияқты алаңдағы ойынға емес, бұл жоба агенттер мен футбол функционерлері күн сайын бетпе-бет келетін интригаларға, қаржылық мәмілелерге және жасырын күреске басымдық береді.
Сериалдың идеясы тәжірибелі футбол агенте Даррен Дейнге тиесілі . Сценарийге оның жеке кәсіби тәжірибесі негіз болған. Сонымен қатар, жасаушылар бұл жобаны жеңіл комедиялық «Тед Лассо» сериалымен салыстыруға келмейтінін, мұнда шынайы драма басым болатынын атап өтті.
Криштиану Роналдудың сериалдағы нақты ролі әзірге құпия сақталып отыр. Киноинсайдерлердің айтуынша, ол оқиға желісіне толық қатысатын жарқын кейіпкерлердің бірі болуы мүмкін.