Жапонияда ыстықтан 45 адам көз жұмды
Жапонияда кейінгі 1 аптада аптап ыстықтан 45 адам ажал құшты. Жалпы ел бойынша басынан күн өтіп, 18 мыңнан астам тұрғын ауруханаға жатқызылған.
Бұл арғы аптамен салыстырғанда 70 пайызға көп. Жергілікті Өрт және табиғи апаттарды басқару агенттігінің мәліметі бойынша, 700-ден астам науқастың халі ауыр. Денсаулыққа байланысты әсіресе Токио, Осака және Айти префектурасынан көп шағым түскен. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің көбі жасы 65-тен асқан қарттар. Метеорологтар ыстықтың беті әзір қайтпайды деп ескертеді. Тамыздың басында шығыс және батыс аймақтарда ауа температурасы орташа көрсеткіштен жоғарылап, плюс 40 градусқа көтерілуі мүмкін. Сондықтан билік тұрғындарды ауа баптағышты жиі қолданып, жүйелі түрде су ішуге шақырады.