Түркияда орман өрті өршіп тұр
Кешелі бері елдің бірнеше провинциясында 115 өрт оқиғасы тіркеліп, оның 69-ы орманнан тыс аумақта шыққан.
Қазір 110 өрт ошағы бақылауға алынды. Дегенмен, теңіз жағалауындағы Анталия, Мұғла, Мерсин және Балыкесир провинцияларында жағдай әлі де күрделі. Қазір бұл аймақтарда тілсіз жаумен күрес жұмыстары күні-түні жалғасып жатыр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Кешеден бері Түркия аумағында мамандар 115 өрт оқиғасына араласып, оның 110-ын бақылауға алды. Қалған бес өрт ошағында тілсіз жаумен күрес жұмыстары жалғасуда. Әзірге қанша гектар аумақтың зақымданғаны туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ. Бұл туралы Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрагим Юмаклы мәлімдеді. Оның сөзінше, Жерорта және Эгей теңізі жағалауындағы өңірлерге әлі де қауіп төніп тұр. Анталияның Алания, Мұғланың Фетхие, Балыкесірдің Гөмеч аудандарында, сондай-ақ Мерсін, Чанаккале провинцияларында әлі де өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Әсіресе Аланиядағы жағдай күрделі. Өйткені бұл аумақта желдің екпіні сағатына 84 шақырымға дейін жетіп, жалынды тоқтатуды қиындатып отыр.
Министрдің сөзіне қарағанда, тілсіз жаудың жылдам таралуына қатты жел мен аптап ыстық себеп болған. Осыған байланысты қауіпті аумақта орналасқан тұрғындар мен туристер эвакуацияланып, бірқатар автожол уақытша жабылды. Өртпен күреске әуе және жерүсті күштері жұмылдырылған. Арнайы ұшақтар мен тікұшақтар, өрт сөндіру техникалары және 3 жарым мыңнан астам орман қызметінің мамандары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Билік тұрғындарды орман алқаптарына бармауға және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Әдетте Түркияда орман өртінің қаупі жаз айларында күшейеді. Бұған ауа температурасының көтерілуі, ылғалдың төмендеуі және қатты жел әсер етеді. Ал климаттың өзгеруі өрт маусымының ұзаққа созылуына ықпал етіп отыр. Сондықтан кейінгі жылдары Түркия орман алқаптарын дрон арқылы бақылауды күшейтіп, өртті ерте анықтау және жедел әрекет ету жүйелерін жетілдіруге басымдық беруде.
Ә. Нұрлыбаева