АҚШ адам тектес роботты импорттауға шектеу қойды
АҚШ шетелде жасалған адам тектес роботтарды импорттауға тыйым салды.
Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады. АҚШ Федералды байланыс комиссиясы бұл шешімді ұлттық және киберқауіпсіздікке төнетін қауіппен түсіндірді. Агенттік мұндай құрылғылар маңызды инфрақұрылым мен деректерді өңдеу жүйелеріне қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді. Шектеулер бұған дейін қытайлық дрондар мен жоғары технологиялық өнімдерге енгізілген санкциялардың жалғасы саналады. Әлемдік гуманоидты роботтар нарығының шамамен 85%-ын иеленіп отырған Қытай бұл шешімге жауап ретінде өз компанияларының мүддесін қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынын мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, жаңа тыйым АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекені одан әрі күшейтуі мүмкін.