Араб елдері Израильге талап қойды
Таяу Шығыстағы араб елдері мен Израильдің қарым-қатынасына тағы сызат түсті. Бұған себеп - Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы жағдай.
Өңір елдері Палестина жерінде еврей қоныстарының кеңеюін, халықаралық құқыққа қайшы деп бағалап, бірлескен мәлімдеме жасады. Құжатқа Сауд Арабиясы, Қатар, Иордания, Мысыр және Әмірліктер қосылды.
Араб елдері Иордан өзені жағалауындағы жағдайға бей-жай қарап отырмауға көшті. Кейінгі айларда аймақтық деңгейде бұған қатысты бірнеше мәлімдеме жасалды. Израильге дипломатиялық арналар арқылы қатаң талаптар қойылды. Оның бастысы батыс жағалауда палестиналықтарға қарсы жасалып жатқан жаппай зорлық-зомбылықты тыю.
Кейінгі жылдары Таяу Шығыстағы дипломатиялық қатынастар Ибрахим келісімі негізінде жаңа кезеңге өткен еді. Сол үдеріс қазір толық тоқтап тұр. Палестина мәселесі қайта күн тәртібіне шығып, Израильге қарсы наразылық күшейді. Араб әлемінде Тель-Авивпен алғаш бейбіт бітімге келген ресми Абу Даби де бұл жайтты жасырып жатқан жоқ. Өйткені жергілікті сарапшылар «Израильге халықаралық қауымдастық қойған талаптың бірде-бірі орындалмады», - дейді.
Обаид Әл Зааби, Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, бұрынғы дипломат:
- Палестиналықтар батыс жағалауда қалып, өз құқығы мен талаптары негізінде өмір сүруі керек. Ол жерді израильдік қоныстанушылардың басып алуына жол беруге болмайды. Бұл жаққа халықаралық қауымдастық әлдеқашан бекітіп берген ереже бар. Палестиналықтар басқа ештеңені қаламайды.
Әмірліктердің жағдайға бұлай алаңдауы бекер емес. Өйткені жан-жаққа босып кеткен миллиондаған палестиналық уақытша пана іздеп, бас сауғалап жүр. Солардың бір бөлігін тап осы Дубайда кездестіруге болады. Көпшілігі екі қолға бір күрек тауып, қоғамда өз орнын тапқан. Дегенмен ешбірі туған жерге оралудан үміт үзген жоқ.
Нада Айлабуни, кәсіпкер /Палестина/:
- Әмірлікке 5 жыл бұрын келіп бизнес бастадым. Негізі палестиналықпын. Біз жақтағы қиындықтарды өзіңіз білесіз. Мұнда ел билігі бізге барынша қамқор болып жатыр.
Ахуал осылай жалғаса берсе, Араб әлемі мен Израиль қатынасының жалпы алғанда жақсара қоюы қиын. Керісінше одан әрі ушығып кете ме деген қауіп бар.
Иордан өзенінің батыс жағалауы
Өйткені тараптардың бір-біріне кіжініп, килігуі басым. Еврей мен Палестина жұрты қоңсы отыруға тиіс жерлерде зорлық-зомбылық азаяр емес. Гуманитарлық көмек жетіспей, араб қоныстарының аумағы тарылып барады.
Обаид Әл Зааби, Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, бұрынғы дипломат:
- Араб әмірліктері қалыптасқан жағдайды ескеріп, Палестина халқына жіберілетін көмек көлемін арттыратын болды. Біздің ел бұл салада ең ірі донор болып қала бермек. Арғы жағынан Мысыр, Иордания да болысады. Дегенмен батыс жағалау мен Газаға азық-түлік, медицина, білім беру жабдықтарын түгел кіргізетін мүмкіндік әзірге тек әмірлікте бар.
Иордан өзенінің батыс жағалауы
Палестина жеріндегі шиеленіс тараптар арасында сенім дағдарысын туғызғаны анық. Енді оның қашан қалпына келері белгісіз. Бір айта кетерлігі, Иордан өзенінің батыс жағалауында бейбітшілік орнамай, араб елдері қатаң ұстанымынан бас тартпауға бекініп отыр. Сондықтан саяси және гуманитарлық бағыттағы қолдауын жалғастыра бермек.
Авторы: Рауан Мыңбай