Таяу Шығыста тағы бір от тұтанды
Таяу Шығыста тағы бір от тұтанды. Бұл жолы ХАМАС, не Хезболла емес, хуситтер екі бірдей мемлекетке қатер төндіріп тұр. Қарауылға іліккен бұл екі ел – Йемен мен Сауд Арабиясы. Екеуі хуситтермен 12 жылдан бері арпалысып келеді.
Ал мұндай ұзақ тартыс – халықтың соры. Соғыс қажытқан йемендіктер жан бағу үшін Африкаға қашып жатыр.
Хуситтер Қызыл теңіз маңындағы порттар мен елді мекендерге шабуылды үдетті. Алдымен Йемендегі стратегиялық алаң Моха портын басып алды. Артынша Дубаб, Ходейда провинциясындағы Хайс және әл-Хоха аудандарын, Перим мен Ханиш аралдарына кірді. Ал Сауд Арабиясы аумағында Абха, Хамис-Мушайт, Джизан, Наджран аймақтары шабуылға ұшырады. Бұл өңірлердің барлығы Баб-эль-Мандебке жақын орналасқан. Хуситтердің көздегені – осы бұғазды басып алу. Сол арқылы Сауд Арабиясының мұнай тасымылын шектеп, халықаралық теңіз жолдарына билік жүргізбек.
Хуситтер аса маңызды су жолына жақындап, теңіздегі кеме қатынасына қауіп төндіруге ұмтылады. Мұндай қадам Ормуз бұғазы мен Баб-эль-Мандеб бұғазын Иранның ықпалында сақтап, оларды аймақтағы және халықаралық державаларға қысым жасау тетігі ретінде жасалып отыр. Бұл – Тегеранның көп жылдан бері жүргізіп келе жатқан стратегиясы.
Сауд Арабиясы әзірге Йеменге жаппай құрлық әскерін енгізуге асықпайды. Мұның орнына жергілікті одақтастар арқылы хуситтерді кері шегіндіріп, әуе соққыларымен олардың әскери әлеуетін әлсіретуге тырысады. Саудия билігі Вашингтоннан көмек сұрады. Бірақ АҚШ-тың қақтығысқа араласу-араласпауы әзірге белгісіз. Сауд Арабиясының қазіргі ұстанымы – территориясы мен мұнай инфрақұрылымын қорғап, қақтығыстың Иранмен тікелей соғысқа ұласуына жол бермеу. Бұған қатысты Иран Президенті пікір білдірді.
Масуд Пезешкиян, Иран Президенті:
- Біз Сауд Арабиясымен соғысып жатқан жоқпыз. Бұл – хуситтердің мәселесі. Осыған дейін де айтып келемін, тағы да қайталаймын, өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, барлық ел ортақ келіссөз жүргізуі керек.
Біздің арамызда соғысудың немесе қақтығысқа барудың ешқандай қисыны да, себебі де жоқ.
Йемен бірнеше жылдан бері қақтығыстан көз ашпай келеді. Экономикасы күйреп, халықтың әл-ауқаты нашарлаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенсек, 40 миллион халқы бар елдің 22 миллионынан астамы гуманитарлық көмекке мұқтаж. Қазір бұл елде жағдай тіптен ушығып кетті. Ай басынан бері 85 мың адам бас сауғалап кеткен. Басым бөлігі – мемлекет бақылауындағы Аденге көшті. Ал 2 мыңы Африка ауып, Джибутиге барып жан бағып отыр.
Ахмад әл-Масави, босқындар лагерінің директоры:
- Қазір босқындарға арналған лагерьлер лық толы. Біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықаралық гуманитарлық ұйымдарға көмек көрсету туралы үндеу жасап жатырмыз. Таиз бен Ходейдадан келген босқындар іс жүзінде баспанасыз, әзірге далада түнеуге мәжбүр.
Қазіргі уақытта Хуситтер Баб-эль-Мандеб маңындағы аумақтарды біртіндеп басып алып, Джибутиге бір табан жақындай түсті. Ал бұл елде АҚШ-тың Африкадағы басты әскери базасы орналасқан. Енді біраздан соң бұл әскери нысан да хуситтердің нысанасына ілігуі әбден мүмкін.