Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 6000-нан асты

сурет: REUTERS/Gaby Oraa

24 маусымда Венесуэлада болған екі күшті жер сілкінісінің салдарынан қаза тапқандар саны 6125 адамға жетті, деп хабарлайды 24KZ Reuters ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ауруханаларда 61 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсетілді. Жер сілкіністерінен бері бір айдан астам уақыт өтсе де, құтқарушылар пайда болған үйінділердің небәрі 16,5%-ын ғана тазартқан.

Магнитудасы 7,2 және 7,5 балдық екі жер сілкінісі 24 маусымда бір минутқа жетпейтін уақыт аралығымен болды. Негізгі дүмпулерден кейін сейсмологтар 1222 қайталама жер сілкінісін (афтершок) тіркеді. Зілзаладан кейінгі алғашқы күндері ең көп зардап шеккен аймақтардың тұрғындары көмектің кешігіп жатқанын айтып, үйінділерді өздері тазалауға мәжбүр болды. Соған қарамастан, құтқарушылар бірнеше күн өткеннен кейін де тірі қалған адамдарды тапты. Апаттан сегіз күн өткен соң бір ер адам үйінді астынан құтқарылды.

Венесуэла президентінің міндетін атқарушысы Дельси Родригес үкіметтің әрекетін қорғады. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл хаттамалары жер сілкінісі болған сәттен бастап іске қосылып, зардап шеккен аймақтарға мыңдаған әскери қызметкер мен басқа да мамандар жіберілген.

«Біз бір, екі немесе үш күн күткен жоқпыз. Біз дереу әрекет еттік», – деді ол.

Дельси Родригес 3 қаңтарда америкалық әскери күштер Николас Мадуроны ұстап, АҚШ-қа әкеткеннен кейін Венесуэла президентінің міндетін атқарушы қызметіне кірісті. Ол кезде Родригес елдің вице-президенті болған. Венесуэланың Жоғарғы соты оған мемлекет басшысының міндетін уақытша атқаруды тапсырды, ал 5 қаңтарда Родригес ресми түрде ант берді.

Дональд Трамп әкімшілігі Родригеспен ынтымақтастық орнату туралы шешім қабылдады, дегенмен ол Мадуроның жақын саяси ортасына кірген. Reuters мәліметінше, бұған ЦРУ-дың бағалауы әсер еткен. Аталған бағалауда Родригес бастаған бұрынғы билік өкілдері елдегі басқару тұрақтылығын оппозицияға қарағанда тиімдірек сақтай алады деген қорытынды жасалған.