Италияда қоқыс шығару қызметі қателікпен лақтырылған 1 миллион еуролық билетті тауып берді
Италияның оңтүстігіндегі Битонто қаласының тұрғыны 1 миллион евро көлеміндегі джекпотты ұтып алғанымен, түсінбеушілік салдарынан одан айырылып қала жаздады. Абырой болғанда, жергілікті коммуналдық қызметкерлердің жедел әрекетінің арқасында бақытты билет қайта табылды, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға қатысушысы лото билетін сату орнынан «төлеуге жатпайды» деген автоматты хабарламаны алған. Осыған байланысты әйел билетті жарамсыз деп ойлап, оны қоқысқа лақтырып жіберген.
Алайда үйге келген соң ол отбасы мүшелерімен бірге сан комбинацияларын қайта тексеріп, билеттің дұрыс екенін түсінген. Белгілі болғандай, ұтыс сомасы өте ірі болғандықтан, оны сол жерде бірден беру мүмкін емес екен.
Үміті үзіле бастаған әйелге жергілікті қоқыс шығару қызметі көмекке келді. Коммуналдық қызметкерлер лақтырылған қалдықтардың бағытын толық қалпына келтіріп, нақты іздеу операциясын ұйымдастырды. Қызметкерлер қоқысты қолмен мұқият сұрыптап шықты. Нәтижесінде таңғы сағат 05:30 шамасында жұмысшылардың бірі жыртылған қоқыс пакетінің ішінен, зақымдалған түбіртектердің арасынан сол бағалы билетті тауып берген.
Бұл оқиғада қандай да бір сиқыр бар! - деді журналистерге коммуналдық компанияның басшысы Роберто Никола Тоскано.
Оның айтуынша, ол әйелдің телефон арқылы билеттің табылғаны туралы хабарды естігенде қуаныштан жылап жіберген сәтін ешқашан ұмытпайды. Айта кету керек, сәтті іздеу операциясының барлық шығындарын қала тұрғыны алдын ала өз мойнына алуға толық келіскен болатын.