Гватемалада Фуэго жанартауының атқылауына байланысты ауылдар эвакуацияланып жатыр

Фото: depositphotos.com

Гватемалада Фуэго жанартауының атқылауына байланысты ауылдар эвакуацияланып жатыр, деп хабарлайды «24KZ» Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.

Аумақтан 2 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Гватемаланың төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттігі CONRED-тің атқарушы хатшысы Клаудин Огальдес Associated Press агенттігіне атқылау дүйсенбі таңертең басталып, күндіз күшейгенін, тау маңындағы екі ауылды эвакуациялау туралы бұйрық берілгенін растады.

Жергілікті билік қауіптің қызыл деңгейін жариялады.  

Тікелей эфирде жанартау үстінде газ бен күлдің үлкен бұлттары көрінді, ал лава мен пирокластикалық ағындар беткейлерден жоғары жылдамдықпен төмен қарай жылжыды.

Уақытша паналайтын 5 орталық ашылып, тағы үшеуі дайындалып жатыр. 18 елді мекеннің тұрғындарына шұғыл эвакуациялау туралы ескерту берілді. Мамандар жанартау әлі де тыншымай тұрғанын айтады.

Лава мен пирокластикалық ағындар төмен түсіп, сары дабыл жарияланып, тас жол жабылып, сабақтар тоқтатылды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз