Индонезиядағы жанартау атқылауынан 270 мыңға жуық жолаушы әуежайларда қалып қойды

фото: apnews

Индонезиядағы Анак-Кракатау жанартауының атқылауы әуе қатынасына айтарлықтай кедергі келтірді. Соның салдарынан шамамен 270 мың жолаушы әуежайларда қалып қойды, деп хабарлайды 24KZ BBC-ге сілтеме жасап.

Джакартадан шамамен 150 шақырым жерде орналасқан жанартау 4 қыркүйек кешке атқылай бастаған. Жанартау күлі Индонезия астанасы мен Лампунг провинциясына дейін жетті. Демалыс күндері аймақтағы сейсмикалық белсенділік те жалғасты.

Жанартау атқылауына байланысты Джакартадағы Сукарно-Хатта халықаралық әуежайында және жанартау маңындағы тағы үш әуежайда 2 мыңнан астам рейс тоқтатылып, кейінге шегерілді.

Әуежайлардың ұшу залдарында ұзын-сонар кезек пайда болған. Жолаушылардың бір бөлігі билеттерінің ақшасын қайтаруға, енді бірі сапарын жалғастырудың балама бағыттарын табуға тырысқан.

Мұның нақты қашан аяқталатынын айта алмаймыз, өйткені ауа райы жағдайы үнемі өзгеріп отырады, – деді Индонезияның көлік министрі Дуди Пурваганди.

Индонезияның Геологиялық агенттігі жанартаудың қайта атқылау ықтималдығы жоғары екенін ескертті.

Метеорологтардың мәліметінше, Ява аралы жағында жанартау күлі 6 мың метрге дейін көтерілген. Ал Суматра аралы мен Бантен провинциясының кейбір аудандарында күлдің биіктігі 15 мың метрге дейін жеткен.

Анак-Кракатаудың соңғы атқылауы 6 қыркүйекте тіркелді.

Сондай-ақ оқыңыз: