Соғыс мұнай компанияларын байытты

Әлем экономикасы 2,5 пайызға дейін төмендейді. Бұл - Дүниежүзілік банктің болжамы. Былтыр өсім 2,9 пайыз болған еді. Экономиканың бұлай құлдырауына Иранның Ормуз бұғазын жабуы себеп. Бірақ осындай сәтте төтеннен пайда тауып, байып жатқандар да бар. Әсіресе мұнай компаниялары табысын еселеді. The Guardian басылымының дерегіне қарағанда сәуір мен маусым аралығында, яғни 3 айда 8 өндірушінің кірісі 93 млрд долларға дейін артқан. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 43 млрд долларға көп. 

Қысқа күнде қырық құбылған қазіргі геосаяси жағдайда Парсы шығанағы елдерінен мұнай тасымалдау қиын. Десе де, Сауд Арабиясы  Ормузды айналып, Шығыс-Батыс мұнай құбырын барынша пайдаланып жатыр. Сөйтіп биыл 2-ші тоқсанда елдегі ұлттық компания, Сауди Арамконың табысы 33,4 млрд долларға жетті. Яғни кірісі 44 пайызға артқан.

Амин Нассер, Saudi Aramco бас директоры:

- Ормуздың жабылуынан 2,6 млрд баррель мұнай нарыққа шықпай қалды. Бұл ауыл шаруашылығы, жартылай өткізгіштер өндірісі, көлік құрастыру, химия өнеркәсібіне қатты әсер етті. Бұғаз дәл қазір ашылған күннің өзінде әлемдегі мұнай қорын бұрынғы қалпына келтіру үшін кемі 18 ай қажет.

"Сауди Арамкодан" бөлек, АҚШ пен Еуропа компаниялары да рекорд орнатты. Мәселен, ExxonMobil кірісі 2 есе, Chevron-дікі 4 есе өсті. Ал, Shell 10 млрд доллар пайда тапқан. Бұл - британиялық өндіруші үшін рекорд.

Президент Трамп мұнай тапшы кезде табысқа кенелген компанияларды сынады. Тіпті олардан жанармай бағасын түсіруді талап етті.  

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Иран мәселесі реттелгеннен кейін мұнай арзандайды. Бірақ олар тым көп пайда тапты. Chevron да, Exxon Mobil да солай. Бір ғана компанияның табысын 12 есеге арттырған. Сол ақшаның бір бөлігін халыққа қайтаруы керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, олар жанармай бағасын түсіруге тиіс. Әйтпесе бұл жағдай маған мүлде ұнамайды.

АҚШ-тың Иранмен арадағы қақтығысы мен Ресей-Украина соғысынан біраз мұнай өңдеу зауыты шабуылға ұшырады. Мұның салдарынан қазір әлемде күніне 7 млн баррельге дейін қара алтын өңдеу өндірісі тоқтап тұр. Яғни жанармай нарығында ұсыныс азайды.

CNN телеарнасының дерегі бойынша, осы мүмкіндікті құр жібермей, Exxon Mobil компаниясы күніне 160 млн доллар пайда тапқан. 

Роб Туммел, сарапшы:

- Ресей мен Қытайдың жанармай және мұнай өнімдері экспорты қысқарды. Бұл тапшылықты Exxon мен Chevron сияқты компаниялар толтыруға мәжбүр. Сондықтан алдағы уақытта авиаотын, дизель және бензинге сұраныс көбеймесе, азаймайды. Ал сұраныс жоғары болған жерде мұнай өңдеу зауыттарының табысы да артады.

Десе де бұл мәселе АҚШ сенаторларын алаңдатып қойды. Олар мұны тоқтату үшін үстеме пайда салығын енгізуді ұсынды.

Алайда, мұнай компаниялары жаңа заңға үзілді-кесілді қарсы. Себебі, бастама күшіне енсе, инвестициялық жобаларды қаржыландыру жағы қиындайды, - деп санайды.

Авторы: Зайнұр Байжігіт